ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданындағы 45 мектепте үш тілде сабақ өтеді

0
2 012

Бұл жайлы Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев аудандағы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.


ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданындағы 45 мектепте үш тілде сабақ өтеді

Түркістан облысы, Жетісай ауданына қарасты 45 білім ұясында үш тілде дәріс өткізіліп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгінде аудандық білім бөліміне қарасты 69 жалпы орта және 1 негізгі орта мектептердің 45-інде 95 мұғалім физика, химия, информатика және биология пәндері бойынша үш тілділікті қолданып келеді.
«Әр мұғалім сабақ барысын толықтай үш тілде жүргізбегенімен пәнге қатысы негізгі терминдерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқушыларға үйретуде. Бұл бағытта 95 мұғалім арнайы курстардан өтіп, дайындық жұмыстары жүргізілген. Үш тілде сабақ өту оқушыларға да, ұстаздарға да қиындық туғызып отырған жоқ»,- дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Мектеп оқушыларының сабаққа деген ынтасын арттырып, қызығушылықтарын ояту мақсатында аудан мектептеріндегі 324 интерактивті тақталарды заманауи электронды тақталарға алмастыру көзделіп отыр. Өйткені, бүгінде мектептердегі интерактивті тақталардың 40 пайызы ескіріп, қолданысқа жарамай қалған.
Сондай-ақ, Жетісай қаласындағы «N9 Д.Қонаев» атындағы жалпы орта мектебі Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының тапсырмасына сәйкес аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың қаулысымен «N9 Д.Қонаев атындағы IT мектеп-лицейі» болып қайта өзгертіліп, аудандағы IT сыныптарының орталығы болып бекітілген.