Жиын барысында қатысушылардың ой-пікірлері тыңдалып, қазақы қасиеттерге қаныққан толыққанды отбасылардың қатарын арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандырудың басты қағидалары айтылды.
Жетісай ауданында аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен семинар-кеңес болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Отан – отбасыдан басталады. Мемлекеттің іргесі берік болуы үшін әрбір отбасының бекем болғаны маңызды. Десек те, соңғы кездері отбасы құрған жастардың арасында көпке ұзамай-ақ ажырасу фактілері жиілеп кеткені көңілге кірбің түсіреді. Жас отбасының шаңырағының шайқалуына не себеп? Олар неге өз бақыттары үшін соңына дейін күресе алмайды? Перзент пен ата-ананың сыйластығын, ізет-құрметін қалай сақтап, нығайтуға болады? Перзенттің ата-ана алдындағы парызы мен ата-ананың перзент алдындағы міндеттері неден тұрады? Қазақы қасиеті сақталған өңірде ананың сүтімен берілетін адами қасиеттерді қалай сақтап қалуға болады?
Міне, осы және өзге де өзекті сұрақтардың жауабын бірігіп шешу мақсатында Жетісай аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен “Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты іс” тақырыбында аудан ардагерлерінің семинар-кеңесі болып өтті.
Жылы су ауылдық округінде орналасқан “І.Жансүгіров” жалпы орта мектебінде өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев, аудан ардагерлері қатысты.
Басқосуда ардагерлер отбасы құндылықтары мен қадір-қасиетін әрбір тұлғаға жастайынан ұғындырып, санасына сіңіру үшін ұлдың да, қыздың да жауапкершілігін айтып отыру керектігін айтады.
Күн санап көз ілеспес жылдамдықпен дамып, қоғамның бір бөлшегіне айналған әлеуметтік желінің пайдасы мен зиянын айтқан аудан жастары ата-ана жауапкершілігін арттыру керек деген пікір айтады. Өйткені, батыстың былықтарын әлеуметтік желіде көріп өскен ұл да, қыз да қазақы қасиеттерден, ата-бабадан бері сақталып келе жатқан салт-дәстүрлерден алшақ өседі дейді.
Жиын барысында қатысушылардың ой-пікірлері тыңдалып, қазақы қасиеттерге қаныққан толыққанды отбасылардың қатарын арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандырудың басты қағидалары айтылды.