20,1 мың гектар алқапқа бақша дақылдары егілген.
Биыл Жетісай ауданында су үнемдеу технологиясы 2 800 гектарға енгізіледі , деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісай ауданында биыл 20,1 мың гектар алқапқа бақша дақылдары егілген. Оның ішінде қауын - 16 мың гектарға егілсе, қарбыз - 4 мың гектарға егілген. Бүгін өңірге баспасөз турымен барған БАҚ өкілдерінің қатысуымен жетісайлық шаруалар өнімдерін жүк көліктеріне артты.
Сонымен қатар, журналистер аудандағы «Смайл» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Бүгінде Жетісайда егістікке қажетті ағын су тапшылығын жоюға бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Осы ретте аудандағы Абай ауылдық округі, Жүзімдік елді мекеніндегі «Смайл» шаруа қожалығы биыл 55 гектар жерге қытайлық компаниямен бірлесіп су үнемдеу технологиясын енгізген.
Жалпы инвестициялық құны 55 млн теңгені құрайтын жобаның ерекшелігі - ағын суды 2,5 есеге дейін үнемдеп, өнімділікті арттырады. Қазіргі таңда ауданда ағын суды үнемдеу технологиясы 1310 гектарға енгізіліп, жыл соңына дейін 2800 гектарға жеткізу жоспарланып отыр.