ТҮРКІСТАН: Жетісайлық бойжеткен 11 жасынан бастап трактор айдап жүр

0
3 679

Арайлым Құршанбек отбасындағы үш перзенттің кенжесі, қыздардан жалғыз.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық бойжеткен 11 жасынан бастап трактор айдап жүр

Түркістан облысы, Жетісай ауданының 18 жасар бойжеткені тракторды тізгіндеп жүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақ халқының тарихында сонау жаугершілік заманнан бастап ашаршылық, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы жылдары мен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында да ерлермен бір қатарда тұрып ерлік көрсеткен бұрымдылар аз болған жоқ.

«Ерлік» деп біз тек қолына қару алып, қан майданда кескілескен ұрысқа қатысушыларды ғана емес, еңбек майданында қолына кетпен-күрек алып немесе техниканы тізгіндеп жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген нәзік жандыларды да айтып отырмыз.
ХХ ғасырдың 50 – 80 жылдары ауыр техниканы тізгіндеген қазақ қыздары көптеп шықты. Қазақ елін күллі әлемге паш етіп, түрлі дәрежедегі мемлекеттік марапаттарға ие болды.
«Қазақтың Кәмшаты» атанған тұңғыш механизатор Кәмшат Байғазықызы Дөненбаеваның ізін жалғастырушы ерік-жігері мықты, қайсар мінезді қазақтың тағы бір қызы Арайлым Асылбек қызы небәрі 18 жаста.

Түркістан облысы, Жетісай ауданына қарасты Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм ауылында 2003 жылы өмірге келген Арайлым Құршанбек отбасындағы үш перзенттің кенжесі, қыздардан жалғыз. Әкесі Асылбек пен екі ағасына еріп темір-терсек пен техникаға араласып өскен бойжеткеннің ауыр техникаға деген қызығушылығы 11 жасында басталыпты. Алғашында үйдегі ер азаматтарға трактор жөндеуде көмекші болып жүрген қыз бүгінде кәнігі тракторшы.
Ағаларымен бірге ауылдың жер жыртып, тұқым себу, өнімді жинап қоймаларға тасуда темір тұлпарды тізгіндеген ерлерден кем еңбек етпейтін Арайлым жоғары оқу орнында тіс дәрігері болып та білім алады.
«Қазіргі жаһандық жағдайға байланысты сабақтарға онлайн қатысып жүрмін. Сабақтан тыс уақыттарда ағаларыма көмектесіп өзіміздің, ауыл тұрғындарының жерін егіске дайындаймыз. Диханшылықта көктемнің әрбір сәтін, сағатын тиімді пайдалану үшін күні-түні кезектесіп трактор айдауымызға тура келеді. Күндіз де, түнде де уақыт талғамай айдаймын тракторды. Өйткені, бір күндік еңбегіміз қысқы азығымыз болады. Мен оны жақсы түсінемін» дейді тракторшы қыз.

Өзінің трактор айдайтынын мақтан тұтатын бойжеткен техникасы істен шыққан сәттерде еш қиындықсыз жөндейтінін де айтады. Алғашында қыз баланың ерекше қызығушылығына қарсылық білдірген ағайын-туыс уақыт өте келе келісімдерін беріпті.
«Алғашында ауыл мектебінің ұстаздары да, учаскелік полиция инспекторларында да Арайлымның трактор жүргізуіне деген күдік болды. Өйткені, «Қаршадай қыздың ауыр техниканы тізгіндеуі қиын, басқаруға ие бола алмай қалып жол апатын жасауым үмкін» деген қорқыныш болды. Әйтсе де, Арайлым өзінің алдына қойған мақсатына жете білетіндігін дәлелдеді. Кезінде қарсылық білдірген жандардың жерлерін осы қызым бүгінде тракторымен егіске дайындап беріп жүр. Жалғыз өзі шамамен күніне 10 гектарға дейін жер жыртады» дейді әкесі Асылбек күліп.

11 жасынан бастап ауыр техниканы тізгіндеген үлбіреген бойжеткеннің алдына нақты мақсат қойып, сол мақсатына жету жолында тынымсыз еңбек етуі алдағы уақытта биік белестерді бағындыруда үлкен септігін тигізіп, қасиетті Мырзашөл топырағынан нәр алып, күллі қазаққа танылған ұлы тұлғалардың тізімін жалғастырады деген сенімдеміз.