«Түркістан Адалдық Алаңы» кеңсесінің мүшелері Жетісай қаласы мен Асықата кентіндегі кондоминимум бағдарламасы аясында жөндеуден өткен үйлерде болды.
Жетісай ауданында биылғы жылы 263 көшені орта және ағымдағы жөндеуге 4,6 млрд теңге қаралып, соңғы 5 жылда 14 көпқабатты үй кондаминимум бойынша жөндеуден өткен деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ғабит Жүндібаев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған ақпараттық-ағарту штабының төрағасы Ерұлан Тұңғышбаев Жетісай ауданына іс-сапармен келді.
«Ашық мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес барлық деңгейдегі көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ашықтығы, қолжетімділігі, мемлекеттік қызметкерлердің адалдығы мен сауаттылығы, халықтың билікке деген сенімін арттыру мәселелері бойынша мемлекеттік қызметкерлермен кездесті. Басқосу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекеттік саясаттың жүзеге асу барысы айтылып, заңдылықтары түсіндірілді.
Сонан соң, «Түркістан Адалдық Алаңы» кеңсесінің мүшелері Жетісай қаласы мен Асықата кентіндегі кондоминимум бағдарламасы аясында жөндеуден өткен үйлерде болды. Тұрғындармен тілдесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Айта кетейік, Жетісай ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 2014 – 2019 жылдар аралығында 14 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде қайтарылуы тиіс 24 млн 656 мың теңгенің 19 млн 805 мың теңгесі мемлекетке кері қайтарылған. Сала мамандарының айтуынша аудан аумағында орналасқан 209 көпқабатты тұрғын үйдің 27-сі кондоминимум бағдарламасы бойынша тіркелген болса, 134 үйді тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал, 48 көпқабатты үй мүлдем тіркеуге жатпайды.
Сонымен қатар, арнайы келген жұмысшы топ өкілдері аудандағы орта жөндеу жұмыстары жүргізілген көшелерді де назардан тыс қалдырмады. Асықата кенті мен Ш.Ділдәбеков ауылдық округтеріндегі орта жөндеу жұмыстары жүргізілген З.Таспанбетова, Ж.Сапаров және Сүйінші көшелерінің сапасын тексерді. Алынған зертханалық сынамалар бойынша жолдың қалыңдығы мен ені сметалық құжатта бекітілген талаптарға сәйкес келіп, айтарлықтай кемшілік анықталмады.
Жалпы ұзындығы 365,3 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары бар Жетісай ауданының жол саласын дамытуға 2020 жылы 4,6 млрд теңге қаржы қаралып, республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары және елді мекендерге қарасты 49 көшеге орта, 214 көшеге ағымдағы жөндеу, 3 көшеге аяқжол салу жұмыстары жүргізілуде.
Мұнан да бөлек, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында стандартқа сай 9 жасанды жол кедергілері мен 80 жол белгілері орнатылып, жаяу жүргіншілер сызығы жаңартылған.