Клуб жұмысын бастағалы бұқаралық спортты дамытуда бірқатар жобалар жүзеге асырылды.
Түркістандағы Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы 2021 жылдан бастап жұмыс істейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Клуб жұмысын бастағалы бұқаралық спортты дамытуда бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда жасөспірімдер арасында теннистен Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізіліп, еліміздің 13 қаласынан келген жүзден аса спортшы бақ сынады.
Тұрғындардың қатысуымен «Денсаулыққа қарай 10000 қадам», «Спорт –денсаулық кепілі» сынды бүкілхалықтық жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Мекеме қызметкерлері ұлттық ойын түрлерін де назардан тыс қалдырған емес. Асық ату, ләңгі тебу, белтемірге тартылу, қол күрес пен секіртпемен секіру т.б ойын түрлерінен жүйелі жарыстар өткізіп тұрады. Бүгінде шаһарда клуб ұйымдастыруымен 23 маусымнан бері жасөспірімдер арасында футболдан біріншілік өтуде. Одан бөлек, 26 шілдеден бастап халық арасында кең тараған ойын түрлерінен тұрғындар жарысуда.
Клубта теннис, шахмат, баскетбол, волейбол, футбол сынды спорт түрлерінен тегін үйірме бар. Оған 6-15 жас аралығындағы балалар жазыла алады. Спорт клубта түрлі бәсекелерде жеңіске жетіп жүрген балалар да жетерлік. Шахматтан Нұрислам Сұлтанхан Азия чемпионатында күміс жүлде иеленсе, теннистен Дурдона Дауранова алтын жүлдеге ие болды.
Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының футбол командасы да бірнеше қалада Түркістанның атын танытып келеді. Нақты айтқанда, Астана қаласында өткен республикалық турнирде II орын, Таразда өткен республикалық турнирде I орын, Қостанай және Ақтөбе қалаларында өткен республикалық жарыста III орынды жеңіп алды.