Түркістанда музей қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өтті

0
497

Ұсыныстарды талқылап, пікір алмасты.


Түркістанда музей қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өтті

Түркістанда музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған семинар-тренинг өтті. «Музей – тарих айнасы» атты іс-шараға облысқа қарасты музей басшылары мен қызметкерлері қатысты. Жиынды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып беріп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.


«Өңірдің мәдени-рухани дамуында музейлердің алатын орны маңызды. Бүгінгі таңда облыс бойынша мәдениет басқармасына қарасты 24 музей (оның 11-і филиал) халыққа қызмет көрсетеді. Биылғы жылдың І жарты жылдығы бойынша облыстағы музейлерде 378 көрме, олардың ішінде көшпелі көрме – 115, тұрақты экспозиция – 263, 16 көпшілік іс-шара, 4734 экскурсия, 571 дәріс өткізілген. 135 мыңнан астам келушілерді қамтыған. Сондай-ақ тұлғалардың мерейтойына орай ғылыми-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырып өткізілуде. Бүгінгі шара көне мен жаңаны байланыстырып, музей бағытын жаңа қырынан танытуға жол бастайды деп сенемін», – деді басқарма басшысы Әзімхан Серікұлы.


Айгүл Сарбасова Арыс қаласы музейінің ағымдағы жай-күйі бойынша, Асқар Тәжібекеев Облыстық мақта шаруашылығы тарихы музейінің жай-күйі бойынша баяндама, Омар Жексенбаев Нәзір Төреқұлов музей филиалы жай-күйі бойынша баяндама жасады. Содан соң ҚР Мәдениет қайраткері, музей саласының білікті маманы Рыскүл Бекталиева сөз алып, тәжірибесімен бөлісті. Орталық маманы Диля Тауасарова «Ұлы дала Елі орталығында шетелдік тәжірибелерді пайдалану» атты жобаны таныстырды.


Екінші бөлігінде «Ұлы Дала Елі» орталығы экскурсаводы таныстырған «Түркі халықтарының аңыз әңгімелері анимацияда» жаңа жобасы көптің қызығушылығын тудырды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің реставратор, археолог маманы музей жәдігерлеріне реставрация жүргізу бойынша шеберлік сағатын өткізді. Сонымен қатар орталықтың 3 экспозициялық залына экскурсия жүргізілді. Семинар қатысушылары «Бас киімдер әлемі» көрмесін тамашалады.


Басқарманың жауапты бөлім басшысы Эльвира Момынова алдағы уақытта айтылған мәселелер мен жоба-жоспарлар кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді. Сондай-ақ өңірдің мәдениет саласын дамыту бағытында нәтижелі жұмыс атқаруға шақырып, қатысушыларға алғысын білдірді.


Шара барысында музей саласындағы мәселелер ортаға салынды. Сондай-ақ ұсыныстарды талқылап, пікір алмасты. Мұндай семинар жыл соңында ұйымдастырылады деп жоспарлануда.