Бәсекеге еліміздің 5 өңірімен қатар көршілес Өзбекстаннан келген 100-ден аса спортшы қатысып, бақ сынауда.
Түркістан қаласында параканоэда есуден Қазақстан Республикасының ашық кубогы жалауын көтерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында жаңа ескек есу арнасында параканоэда есуден (тірек-қимыл аппараты зақымдалған адамдарға арналған ескек есу түрі) Қазақстан Республикасының ашық кубогы жалауын көтерді. Жарыстың салтанатты ашылуында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Қалтаев пен Халықаралық байдарка және каноэда есу федерациясының (ICF) вице-президенті, спорттық басқару профессоры Сесилия Фариас құттықтау сөз сөйлеп, сайысқа қатысушы спортшыларды құттықтады.
Параканоэ спорты Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген. Бәсекеге еліміздің 5 өңірімен қатар көршілес Өзбекстаннан келген 100-ден аса спортшы қатысып, бақ сынауда. Алғашқы күнгі жарыс жолына шыққан спортшылар арасында Түркістан облысының атлеттері мәре сызығын бірінші кесіп, өздерінің мықтылықтарын көрсетуде.
Жарысты ҚР Туризм және Спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ескек есу және желкенді спорты қауымдастығы, Облыстық су спорт түрлері мектебі өткізуде. Түркістан – Қазақстандағы параканоэ спортын дамытқан алғашқы өңір. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ескек есу және желкенді спорты қауымдастығының төрағасы Денис Жәрменовтың бастамасымен 2017 жылы алғаш рет параканоэ спорты Түркістан облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қолға алынып, дпмытыла бастады.
Түркістандық параканоэшылар еліміздің ұлттық құрамасының негізгі құрамын құрайды. Өңіріміздің параатлеттері 8 жыл ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтсақ: Жалғас Тайкен, Бибарыс Спатай, Жаныл Балтабаева сынды дарынды өрендер Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғады.