Бір полицей Азия чемпионатына жолдама алды.
Түркістан облысының бас полицейі Нұр-Сұлтанда өткен волейбол жарысынан жүлделі оралған полицейлерді марапаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының полицейлері әрдайым спортты серік етіп, онымен тұрақты түрде шұғылданады. Соның нәтижесінде Наурыз айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында өткен кезекті байқаудан жүлделі оралды. Нақтырақ айтсақ, күштік құрылым қызметкерлері арасында волейболдан үлкен жарыс өтті. Жарысты өткізудің негізгі мақсаты – қатысушылардың спортқа деген құлшынысын арттыру, олардың салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі ширақ, кез келген жағдайда дайын күйде жүруін қамтамасыз ету.
Бұл жарыста әрбір спортшы полицей өзіне берілген міндеттерді зор сеніммен алып шықты. Соның нәтижесінде ҚР Ішкі істер министрлігінің атынан қатысқан команда волейболдан І-орынды иеленіп, грамота және арнайы кубокпен марапатталды. Аталған команда мүшесі ретінде Түркістан облысы Полиция департаментінің 5 бірдей қызметкері қатысып, жеңіске үлес қосқан. Спортты серік етіп, сонымен қатар республикалық жарыстан жеңіспен оралған түркістандық полицейлерді ТО ПД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов арнайы қабылдап, марапаттады.
«Құрметті жеңімпаз полицейлер! Сіздерді жеңістеріңізбен құттықтаймын. Әрдайым осылай тек биіктен көрініңіздер. Өздеріңізге міндеттелген қызметті абыроймен алып шығып, ел үшін еңбек ете беріңіздер! Біз сіздермен мақтанамыз!», - деді генерал М.Қабденов.
Айта кетейік, жеңімпаз атанған полицейлер қатарында команда капитаны, полиция подполковнигі Самат Дүкенов, полиция капитаны Асқар Ибрагимов, полиция аға лейтенанты Абдуқұрман Тінәлиев пен полиция лейтенанты Болат Ділдахан бар. Марапат иелеріне салтанатты түрде арнайы медальдар табысталды. Сондай-ақ осы турнирде «Үздік байланысшы» номинациясын полиция капитаны Асқар Ибрагимов иеленіп, аталмыш полицей грамота және кубокпен марапатталды.
Жалпы, Түркістан облысының полицейлері бұдан бөлек талай спорттық байқауларда топ жарып жүр. Сондай жарыстың бірі Өскемен қаласында өтіп, ерлер және әйелдер арасында жекпе-жектен жарыс ұйымдастырылған. Аталған чемпионатта Түркістан облысы атынан 70 келі салмақ дәрежесінде полиция аға лейтенанты Темірлан Рахым қатысып, ІІІ-орынға ие болды. Ал, Семей қаласында 88 келі салмақ дәрежесінде жауынгерлік самбодан бақ сынаған полиция аға лейтенанты Бексұлтан Оразымбет ІІ-орынды қанжығасына байлап, Азия чемпионатына жолдама алды.