"Жаза жеңіл болған": Желіні шулатқан "жынды шалдың" тағы бір видеосы пайда болды (видео)

0
2 956

"Енді көлікке отырмайтындай ету керек".


Ғаламторды шулатқан егде жастағы жүргізуші тағы да талқыға түсті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еске сала кетсек, бірнеше күн бұрын Түркістан облысы Келес ауданында егде жүргізушінің жол ережесін өрескел бұзып, өзге адамның көлігін жолдан ысырып тастамақ болған видеосы әлеуметтік желелерді шарлаған болатын. Артынша Келес ауданының әкімшілік соты шешім шығарып, "көлігіңді басып өтем, мен сондай жынды шалмын" деп дөрекілік көрсеткен азаматты бір жарым жыл көлік айдау құқығынан айырып, айыппұл салған. Алайда, облыстық полиция департаменті хабарлаған шешіммен келіспейтіндер де бар екен.

Солардың бірі "Темірқазық-Ой" газетінің редакторы, әлеуметтік желі белсендісі Анара Сулеева. Ол өзінің Facebook желісіндегі парақшасына жоғарыда аталған азаматтың тағы бір видеосын жариялап, облыстық полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбековтен заңға бағынбайтындарға қатаң жаза тағайындауды сұраған.

"Тағы да сол шал...

Ақшаң болса қалтаңда,

Талтаңда да талтаңда...

Түркістан Облысының Полиция Департаменті көрілген шараны жазып еді, ол тек басы ма дедім.. Енді заңды сұрақ туындайды: 1,5 жыл жүргізуші куәлігінен айрыуын қаншалықты әділ деп ойлайсыз генерал мырза?

Қайрат Дәлбеков мырза, бұл қай уақытта түсірілгені маңызды емес ау? Маңыздысы заң бұзушылық жасағаны. Ендеше, тағы да іс қозғап мүлде рөлге отырмауын талап етемін. Заң ханға да қараға да бірдей. Өзіңіз де құқық бұзушылыққа жол бермеуді желіде күнде ескертіп отырсыз. Ерекше алғыс ол үшін. Дегенмен, заңға бағынбайтындарға қатаң жаза көруді сұраймын", - делінген А.Сулееваның жазбасында.

Ескерту: Видео әлеумеьтік желі арқылы таралған

Сондай-ақ, бұл жазбаның пікір алаңына қосылып жатқандар "Дұрыс. Қолдаймын.. Жаза жеңіл болған..", "байлықтың буы ұрған біреу ғой", "Жазаны сот береді, Қайрат Дәлбеков емес. Бірақ, сот шешімі өте жеңіл, ол рас", "Жазасыз қалмауы керек. Жүргізуші куәлігінен айырып, енді көлікке отырмайтындай ету керек" деген түрлі ой айтуда.

Ал, бұл талқыны бақылап отырған полиция департаменті мен сот көпшілікпен санаса ма, әлде "жабулы қазан жабулы" күйінде қала ма? Оны уақыт көрсетеді.