ЖҰМЫРТҚАНЫ тоңазытқыштың есігіндегі орынға қойсаңыз, ТЕЗ БҮЛІНУІ мүмкін

0
3 406

Тоңазытқышта азық-түлік сақтаудың да өз құпиялары бар


ЖҰМЫРТҚАНЫ тоңазытқыштың есігіндегі орынға қойсаңыз, ТЕЗ БҮЛІНУІ мүмкін

Күннің аптап ыстығында тағамдардың бұзылмауы үшін тоңазытқыштың көмегіне жүгінеміз. Сондай-ақ, базар мен дүкендерге артық уақыт жұмсап жүгірмес үшін, көп заттарды молынан алып мұздатқышқа салып сақтаймыз. Қазір тіпті жаз бен күздің еншісіндегі жеміс-жидектерді де мұздатып, қыста жазды еске түсіріп балғын жеміс – жидек жеп отырамыз.

Бірақ салқын жерде барлық өнімдер кез-келген түрде жақсы сақталады деп ойлау дұрыс емес. Себебі жуылмаған немесе оралмаған, беті жабылмаған, тоңазытқыштың ішінен өз орынын дұрыс таппаған өнімдер салқында тұрса да бір-біріне әсер етіп, сіз ойлағаннан тезірек бүлінуі мүмкін.

Сондықтан бүгін жалпы ас-ауқат дайындау үшін ең көп тұтынатын өнімдерді қалай дұрыс мұздату керек, тоңазытқыштағы орны және мұздатылған тағамды қалай тез еріту туралы біршама кеңестер ұсынбақпыз.


Тағамды мұздатуға және тоңазытқыштағы орнына қатысты кеңестер:

  • Еттің барлық түрін (мал, тауық, балық): полиэтилен таспаға орап, тоңазытқыштағы көкөніс қойылатын тартпаның үстіңгі жағындағы шыны сөреге қою керек. Бұлай сақталған өнімді ең көбі екі күн ғана ұстаған дұрыс.
  • Піскен, салқын және тағы да басқа тағамдардың бетін жауып, тоңазытқыштың кез-келген сөресіне қойып, сақтауға болады.
  • Жемістер мен көкөністерді әбден тазалап жуып, суын кептіріп, тоңазытқыштың арнайы тартпасына салған жөн.
  • Сары май және ірімшік: ауа өткізбейтін арнайы ыдыстарға салып немесе ауаны мүмкіндігінше кіргізбеу үшін фольга қағазына немесе полиэтилен қалтаға орап салу керек.
  • Шөлмектегі өнімдерді қақпақтарын жауып, тоңазытқыш есігінің шөлмек сөресіне қойып сақтау керек.


Мұздатқышқа азық-түлік салғанда сыртына жазып қойыңыз

  • Өнімдер жылдам және жақсы мұздау үшін, сондай-ақ кейіннен тағамды қажетті мөлшерде ғана алып, оңай жібіту үшін шамамен керекті бөлшектерге бөліп, жеке-жеке сақтау керек.
  • Тағамды фольга қағазына немесе полиэтиленді қалтаға орағанда ауа өткізетін саңылаулардың жоқ екеніне көз жеткізген жөн.
  • Мұздатылған тағамның температурасы қатты жоғарылап кетпес үшін, жаңа мұздатылмаған тағамды мұздап тұрғандарына тигізбей сақтау керек.
  • Майы аз тағамдар, майлы тағамға қарағанда ұзағырақ сақталады, сондай-ақ тұз тағамның сақталу уақытын азайтады.
  • Мейлінше ерінбей тағамды сақтау уақытын есепке алып, әр орамның сыртына мұздатылған ай-күнін жазып қою ұсынылады.
  • Егер аса қажет болмаса тоңазытқыштың есігін жиі ашпауға немесе ұзақ уақыт ашып қалдырмауға тырысу керек.
  • Тоңазытқышта сақталатын өнімдер шыны құтыларда ұзақ сақталады.
  • Мұздап тұрған тағамды жібіткеннен кейін сапасы дереу түсе бастайды және оны қайта мұздатуға болмайды.


Мұздатылған өнімдерді жылдам әрі дұрыс ерітуге қатысты кеңестер:

  • Тоңазытқышта еріту - бұл ерітудің ең пайдалы және қауіпсіз нұсқасы, бірақ ол өте баяу жүреді. Тоңазытқыштағы температура өнімнің пайдасын сақтау үшін оңтайлы болып табылады. Бұл жолмен ерітілген өнімдер шырынды және құрамындағы пайдалы дәрумендері көбірек сақталады.
  • Микротолқынды пеште еріту - бұл ерітудің ең жылдам жолы. Көптеген микротолқынды пештер "ерітудің" арнайы функциясымен жабдықталған. Бірақ бұлай еріген өнімдер шырыны мен дәмін жоғалтады.
  • Тұзды суда еріту. Тұз - жылу алмасуды тездетіп және біркелкі ерітуге көмектеседі. Ерітілетін заттың көлеміне қарай бөлме температурасындағы суды алып, тұз салып араластыру қажет. Тұзы толық ерігеннен кейін қажет затты сыртындағы қаптамасымен, ет өнімдері болса, жалаң күйде салу керек.
  • Қазір тұрмыстық техниканың белсенді дамуының арқасында өнімдерді жылдам еріту үшін, мультиварка қолданыла бастады. Ол үшін мультиваркада буда пісіру режимін таңдау керек. Мұздатылған өнімдер құрылғы ішіндегі арнайы пішінге салынады, ал тостағанына су құйылып, қажетті бағдарламаны қосу қажет.

Дайындаған: Эльмира Базарбаева

ERNUR.KZ.

Тағы оқыңыз:

"ШАШПА ПАЛАУ" пісіру үшін оған ЛИМОН қосу керек ("лимонды лайфхак")