450 бала уланды: Өзбекстанда 3 дәрігер қамауға алынды

0
422

Ташкенттің Яшнабад аудандық қылмыстық сотының шешіміне сай үш күдікті қамауға алынды.


450 бала уланды: Өзбекстанда 3 дәрігер қамауға алынды

ERNUR.KZ. Өзбекстанда «Антиструмин» йод препаратын қабылдап, жаппай уланған балаларға қатысты қылмыстық іс бойынша үш дәрігер ұсталды, деп жазады inform.kz.

Өзбекстан Жоғарғы сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ташкенттің Яшнабад аудандық қылмыстық сотының шешіміне сай үш күдікті қамауға алынды. Олардың қатарында Мамандандырылған республикалық ғылыми-практикалық медициналық эндокринология орталығы директорының орынбасары және Денсаулық сақтау министрлігінің екі қызметкері бар.

Айта кетейік, биыл 20 қыркүйектен бастап барлық мектептер мен балабақшалардағы бүлдіршіндер арасында йод тапшылығын болдырмауға бағытталған жаңа бағдарлама қолға алынды. Яғни, апта сайын балаларға профилактикалық дозада жергілікті жерде өндірілген «Антиструм» йод таблеткалары беріле бастады.

Кейін Денсаулық сақтау министрлігі Наманган облысында улану белгілері бар 450 бала ауруханаға жатқызылғанын мәлім етті. Оларда жоғары дене қызуы, бас ауыруы, кейбірінде жүрек айну мен құсу симптомдары байқалған. Қараша айында жауапты ведомство уланудың себебі «Антиструмин» жергілікті препаратының артық дозалануынан болғанын мойындады.

Бұған дейін Өзбекстанның бас прокуратурасы қылмыстық іс жүргізу заңнамасы негізінде «Антиструмин» препаратына қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу жүргізіп жатқаны хабарланған болатын.