Қытай АҚШ-тан сұйытылған табиғи газ сатып алуды тоқтатты

0
281

Kpler компаниясының аналитигі Джиллиан Боккараның айтуынша, жақын арада екі ел арасындағы сауданың қалпына келуіне негіз жоқ.


Қытай АҚШ-тан сұйытылған табиғи газ сатып алуды тоқтатты

ERNUR.KZ. Американың сұйытылған табиғи газы импортының тоқтатылуы АҚШ президенті Дональд Трамптың алғашқы мерзіміндегі жағдайды қайталайды, деп жазады kaz.inform.kz.



АҚШ-тан сұйытылған табиғи газ импорты Қытайға он аптадан астам уақыт бұрын толығымен тоқтады, деп хабарлады 18 сәуір күні Лондонның The Financial Times (FT) газеті кеме қатынасы деректеріне сілтеме жасап. Басылымның атап өтуінше, бұл Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысының энергетика саласына да таралғанын көрсетеді.

6 ақпанда Техас штатының Корпус-Кристи қаласынан шыққан, 69 мың тонна сұйытылған табиғи газ тасымалдаған танкер Қытайдың оңтүстігіндегі Фуцзянь провинциясына келгеннен кейін екі ел арасында жаңа жеткізілімдер болмаған. Екінші танкер Қытайдың 10 ақпанда америкалық сұйытылған табиғи газға 15 пайыздық тариф енгізуінен кейін үлгермей, Бангладешке бағытталған. Содан бері тариф 49 пайызға дейін өсті, бұл америкалық газды қытайлық сатып алушылар үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз етті.

АҚШ президенті Дональд Трамптың алғашқы мерзімінде де жеткізілімдер бір жылдан астам уақытқа тоқтатылған болатын. Алайда қазіргі қақтығыс ауқымды салдарға әкелуі мүмкін — ол Қытай мен Ресей арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты нығайтып, АҚШ пен Мексикада салынып жатқан көп миллиардтық сұйытылған табиғи газ терминалдарының кеңеюінің орындылығына күмән туғызады.

Пессимистік болжамдар

Kpler компаниясының аналитигі Джиллиан Боккараның айтуынша, жақын арада екі ел арасындағы сауданың қалпына келуіне негіз жоқ.

“ Өткен жолы толық тоқтау Қытай билігі компанияларға тарифтік жеңілдік бергенге дейін жалғасқан еді, бірақ ол кезде газға сұраныс қарқынды өсіп жатқан. Қазір экономика баяулап жатыр, біздің бағалауымызша, Қытай бұл жеткізілімдерсіз ұзақ уақыт бойы өмір сүре алады “, — деп түсіндірді ол.
Осы аптада Қытайдың Ресейдегі елшісі Чжан Ханьхуэй Қытайдың ресейлік сұйытылған табиғи газ импорты көлемін арттыруы мүмкін екенін мәлімдеді.

“ Мен сатып алушылардың өте көп екенін нақты білемін. Көптеген компания ресейлік жеткізушілермен байланыс орнату үшін елшіліктен көмек сұрап жатыр. Жеткізілімдер сөзсіз артады деп ойлаймын “, — деді ол.
Қазір Ресей Австралия мен Катардан кейін Қытайға үшінші ірі сұйытылған табиғи газ жеткізушіге айналды. Сонымен қатар екі ел «Сібір күші — 2» жаңа газ құбырының құрылысын талқылап жатыр.

Energy Aspects консалтинг компаниясының сарапшысы Ричард Бронздың пікірінше:

“ Тарифтер эмбарго деңгейіне дейін көтерілген сайын, сауда ағындарының қайта құрылуын байқаймыз. Сонымен қатар Азияда газға деген сұраныс жалпы алғанда 5–10 млн тоннаға азаяды деп болжанып отыр. Бұл Еуропадағы газ бағасына сәл де болса төмендетуші әсер етуі мүмкін “, - деді ол.