Қазақстанда балаларды қауіпті контенттен қорғайтын SIM-карта іске қосылды

0
380

Бас прокурордың сөзінше, жоба ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырды.


Қазақстанда балаларды қауіпті контенттен қорғайтын SIM-карта іске қосылды

ERNUR.KZ. Алматыда цифрлық кеңістіктегі балаларды қорғау пилоттық жобасы басталды. Оның негізінде балаларды интернеттегі зиянды контенттен қорғайтын "SIM KIDS" арнайы SIM-картасы іске қосылды, дее жазады Stan.kz.

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, жаңа SIM-карта TELE2/ALTEL байланыс операторымен бірлесіп әзірленген.

“Бұл – суицидті насихаттау, порнография, есірткі, онлайн-казино және өзге де интернет-қатерлерден қорғайтын арнайы балаларға арналған SIM -карта. Оның көмегімен ата-аналар баласының қандай қосымшаларды пайдаланып жүргенін бақылай алады. Зиянды сайттарға қолжетімділікті шектеп, құрылғы үнсіз режимде болса да, баласына қоңырау шала алады”, – дейді бас прокурор.


Бас прокурордың сөзінше, жоба ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Сынақ кезеңі аяқталғаннан кейін бұл SIM-карта баршаға қолжетімді болады дейді.

“Бала цифрлық кеңістікте суицидке итермелейтін қауіпті ойындардан, құмар ойындарға тәуелділіктен, психикасына зиян келтіретін және отбасылық тәрбие мен құндылықтарға деген көзқарасын бұрмалауы мүмкін кез келген жағымсыз контенттен қорғалуы тиіс. Ең бастысы – баланың қауіпсіздігі отбасындағы көңіл бөлуден басталады”, – дейді Асылов.

Сондай-ақ ол ересектер балалардың көңіл күйіндегі, ортасындағы өзгерістерге сезімтал болуы керек дейді.