АҚШ Иранға қарсы соғыс ашса, Ресей мен Қытай түк істей алмайды – саясаттанушы

0
1 896

Ресей - мұнай өндірісі нарығында Иранның бақталасы.


АҚШ Иранға қарсы соғыс ашса, Ресей мен Қытай түк істей алмайды – саясаттанушы

ERNUR.KZ. Мамандар ІІІ дүниежүзілік соғыстың болуы ықтималдылығын болжап, дабыл қағуда. Сарапшылардың айтуынша, әскери қақтығыс ошағы тура іргедегі, нақтырақ айтқанда, Каспий теңізімен шектесетін Иран елінде бұрқ ете түсуі ықтимал, деп жазады Zakon.kz.

Бұл туралы Иран әскерилері АҚШ-қа тиесілі ұшқышсыз ұшағын атып түсіргеннен кейін жаппай айтыла бастады.

Осы мәселеге төңірегінде АҚШ-тағы қазақ саясаттанушысы Уәлихан Төлешовтен сұхбат берді. Оның айтуынша, Иран мен АҚШ қарым-қатынасындағы тоқырау соғыс болатындай соңғы шекке әлі жете қойған жоқ. Сондай-ақ ол бұл ретте Қазақстанның басқа көршілері – Ресей мен Қытайдың қандай қарекетке де баратынын болжап, өз ойын ортаға салды.

АҚШ-тың өзіне де қиын болады

"Бүгін-ертең соғыс болғалы жатыр деп айта алмаймын. Өйткені, біріншіден, Еуропалық одақ Иранмен арадағы ядролық келісімшарттан бас тарта қойған жоқ, алайда Вашингтон санкциясы еуропалық компанияларды Ирандағы активтерін консервациялап, әріптестікті үзуге итермелеуде. Сондай-ақ Еуропалық одақ Солтүстік ағым 2 мәселесінде де шарадай басы шақшадай боп отыр. Себебі Дания экологиямызға зардабы мол деген сылтаумен бұл құрылысқа рұқсатын бермеуде. Екіншіден, Иран да атом бомбасын жасау жұмысын жалғастыру бойынша соңғы шешімін әлі қабылдаған жоқ. Себебі оларға одан гөрі Еуропалық одақпен экономикалық-саяси байланыс әлдеқайда маңыздырақ. Үшіншіден, АҚШ Иранға соғыс ашуға дайын емес. Дегенмен Трамп Иранды Ассад (Сирия) режимін қолдап, Израильге соққы беруге дайындалып жатыр деп айыптайды. Төртіншіден, бұл шиеленіс ушыға түссе халықаралық нарықтағы мұнай бағасы қымбаттай түседі. Онда АҚШ-тың өзіне қиын боп қалады. Мұндайда әскери іс-қимыл алаңына Парсы шығанағы да ілінеді. Ал бүкіл халықаралық тауар тасымалы, соның ішіндегі АҚШ-қа мұнай осы бағыт арқылы барады. Бұл жол жабылса, Америка билігі көп шығынға батады", – дейді ол.

АҚШ өзге түгілі өз одақтастарының сөзіне көнбеуде

Дегенмен саясаттанушы бұл соғыстың болу ықтималдылығы уақыт өткен сайын жоғарылап тұрғанын да жасырмайды.

"Дәл қазір АҚШ Иранға жұмсалатын күш, оның салдары, бәрін-бәрін есептеп көріп жатыр. Оның үстіне АҚШ және оның одақтастарының экономикасына теріс әсер етпейтіндей амалдар да байқасталуда. Сондықтан әзірге олар санкциямен шектелуде. Өзге түгілі өз одақтастарына да АҚШ бұл ретте қысым көрсетіп қалуда. Сондықтан АҚШ қана емес, барлық тарап жанталасып Иран мәселесінде әр нәрсені болжап, тезден өткізуде. Оның ақыры, әрине соғыспен де тынуы әбден мүмкін", – дейді Төлешов.

Саясаттанушының айтуынша, бұл арадағы АҚШ-тың мақсаты – Иранға уран өндірісін доғарту, сөйтіп өңірдегі амбициялық мақсаттарынан бас тартатын келісімге қол қойдырту. Ал АҚШ Иранға қарсы соғысты бастап кетсе, онда Тегеранға ядролық одақтас елдері – Ресей мен Қытай көмекке келуі мүмкін деген болжамдарға саясаттанушы күмәнмен қарайтынын айтты.

Путиннің өзі мойындап қойған...

"Ресей де, Қытай да АҚШ-қа қарсы әскери, сол секілді экономикалық тұрғыда да Иранмен тізе қоса алмайды. Олардың ондай қауқары жоқ. Мысалы, Ресей - мұнай өндірісі нарығында Иранның бақталасы. Бұл екі ел арасындағы тауар айналымы көлемі өте аз. Оның үстіне Иран - амбициозды, теократтық мемлекет. Оның авторитарлы әрі зайырлы Ресей секілді мемлекетпен ешқашан қатты араласқысы келген емес. Геосаясатта да Ресей мен Иран үнемі бақталас боп келеді. Мысалы, Каспийдің құқықтық мәртебесі мәселесін алалық. 20 жыл бойына Иранның кесірінен бұл мәселені шеше алмай келдік қой. Әрине, Иран Ресейден қолдау күтеді, бірақ Ресей АҚШ-тың Иран ядролық келісімшартын бұзу әрекетіне тосқауыл бола алмайды. Ондай қауқары жоқ. Путиннің өзі мұны ашық мойындаған. Ядролық келісім мәселесінде Иранның басына араша түсе алмайтынын, экономикалық дағдарыс пен жұмыссыздықтан құтқара алмайтынын айтқан ол алдында", – дейді ол.

АҚШ онсыз да Қытайды жүндеп жатыр...

Ал Қытай, саясаттанушының айтуынша, Иранды қолдай алмайды, өйткені онсыз да ол АҚШ-тан көресіні көріп жатыр.

"Қытай, керісінше, Иранмен сауда-саттық қарым-қатынаста өте белсенді. Тіпті, Қытай тауарлары Иран өнімдеріне бартер ретінде де тартылған. Жалпы, Қытай барлық жерде экономикалық әріптестікті жандандыруға мүдделі, алайда саяси тұрғыда Бейжің Иранды қолдай алмайды. Өйткені оның өзінің АҚШ-пен арасы дұрыс емес. АҚШ Қытайда өндірілген барлық тауарларға салынатын кедендік баж тарифін көтеріп тастаған. Бұл өз кезегінде Қытай экономикасының өсімін күрт бәсеңдетеді деп болжануда. Иә, тариф соғысында АҚШ Қытай экономикасын әбден жүндеп алуға мүмкіндігі бар. Егер АҚШ-тағы Қытай импортының көлемі күрт қысқаратын болса, онда Қытайға қиын болады. Сондықтан АҚШ-пен Иран ашық айқасқа түссе, онда Ресей мен Қытай кері шегініп, әліптің артын бағуға мәжбүр", – дейді Төлешов.