АҚШ пен Ұлыбритания Йеменге қарсы әскери операция бастады

0
491

Ақ үй басшысы хуситтердің 27 шабуылынан 50-ден аса елдің коммерциялық кемелері зардап шеккенін және 9 қаңтарда қозғалыс америкалық әскери кемелерге қарсы ең үлкен шабуыл жасағанын хабарлады.


АҚШ пен Ұлыбритания Йеменге қарсы әскери операция бастады

ERNUR.KZ. АҚШ пен Ұлыбритания Йеменнің солтүстігінде билік ететін "Ансар Алла" қозғалысының (хоуситтер) нысандарына қарсы әскери операция бастады, деп жазады tengrinews.kz.

Бұл ираншыл топқа қарсы зымыран соққылары ұшақтардан, жер үсті кемелерінен және суасты қайықтарынан, соның ішінде "Томагавк" қанатты зымырандары көмегімен жасалып жатқаны айтылған.

Сана халықаралық әуежайы америкалық-ұлыбританиялық коалицияның жаппай бомбалауына ұшыраған. Сана, Эль-Ходейда, Саада және Дамар провинцияларына да шабуыл жасалған. Соққылардың бірі Ходейда портының маңында болды.

"Бүгін менің нұсқауым бойынша АҚШ әскери күштері Ұлыбританиямен бірге және Аустралия, Бахрейн, Канада және Нидерландының қолдауымен Йемендегі бірқатар нысандарға сәтті соққы жасады, оларда отырып хусит көтерілісшілері әлемдегі ең маңызды су жолдарының бірінде навигация еркіндігіне қауіп төндірді.
Бұл соққылар хуситтердің Қызыл теңіздегі халықаралық теңіз кемелеріне бұрын-соңды болмаған шабуылдарына, соның ішінде тарихта алғаш рет кеме баллистикалық зымырандарын пайдалануға тікелей жауап болып табылады", - деді АҚШ президенті Джо Байден шұғыл үндеуінде.

Ақ үй басшысы хуситтердің 27 шабуылынан 50-ден аса елдің коммерциялық кемелері зардап шеккенін және 9 қаңтарда қозғалыс америкалық әскери кемелерге қарсы ең үлкен шабуыл жасағанын хабарлады.

Еске салайық, Йеменнің көп бөлігін басқаратын хуситтер ХАМАС-қа қолдау көрсету үшін аймақтағы теңіз маршруттарына шабуыл жасаған. Хуситтер Израильмен байланысты немесе Израиль порттарына бет алған кемелерге шабуыл жасауға ант берді.