Атлант мұхитынан 89 мигранттың мәйіті табылды

0
409

170 адам балық аулайтын қайыққа мініп, мұхит арқылы Еуропа аспақ болған.


Атлант мұхитынан 89 мигранттың мәйіті табылды

ERNUR.KZ. Мавританияның жағалау күзеті дүйсенбіде Атлант мұхитынан 89 адамның денесін тауып, 9 адамды құтқарды, қалғаны із-түзсіз жоғалған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тірі қалғандардың айтуынша, өткен аптада 170 адам қайыққа мініп, Сенегал-Гамбия шекарасынан шыққан. Қайық Мавританияның оңтүстік-батыс жағалауында аударылған.

Мавритания Батыс Африкадан Еуропаға ағылатын мигранттардың негізгі транзит пункті болып саналады. Былтыр мыңдаған қайық осылай Еуропа шекарасына аттанған. Жақсы өмірге жеткісі келген адамдар ештеңеге қарамастан адам толы қайықтарға сығылыса мініп, басын өлімге тігеді. Осы қауіпті сапардың негізгі нүктесі Испаниядағы Канар аралдары. Испан билігінің мәліметінше, былтыр 40 мың мигрант жеткен.

Ca-minando Fronteras қайырымдылық ұйымының дерегінше, 2024 жылдың бес айында Испанияға мұхит асып жету жолында 5 мың мигрант қаза тапқан.

Сәуір айында ЕО Мавританияға 210 млн еуро қаражат бөлген, оның 60 млн еуросы заңсыз миграциямен күреске арналған.