Жолаушылар спорттық балық аулаумен айналысуға бара жатқан туристер болған.
ERNUR.KZ. Бразилияның Амазонас штатындағы Барселуш муниципалитетінде Embraer 110 жеңіл жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады, деп жазады sputnik.kz.
Ұшақ бортында 14 адам болған, олардың барлығы қаза тапты, деп хабарлайды G1 порталы.
"Амазонастың ішкі аудандарында шағын ұшақ апатқа ұшырады. Борттағы 14 адамның барлығы қаза тапты. Бұл істі тергеумен Бразилияның әскери-әуе күштері айналысып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Жақын маңдағы Барселуш әуежайының тұрғындары оқиға орнына бірінші болып жетіп, мәйіттерді шығаруға көмектесті. Барлық 12 жолаушы мен екі ұшқыш қаза тапты. Амазонас үкіметінің хабарлауынша, ұшақ штат астанасы Манаустан шамамен 400 шақырым жерде орналасқан Барселушқа бет алған.
Жолаушылар спорттық балық аулаумен айналысуға бара жатқан туристер болған. Олардың денелері Барселушқа жеткізілді.
Апат кезінде нөсер жаңбыр жауып тұрды. Сондықтан Азаматтық қорғаныс өкілдері апатқа осы жағдай себеп болуы мүмкін деп есептейді. Ұшақтың иесі Manaus Aerotáxi ұшақ пен экипаждың қажетті талаптарға сай болғанын және оқиғаның себебін анықтауға кірісетінін хабарлады.