Чехия дәмханаларында пластик ыдысты пайдалануға тыйым салынды.
ERNUR.KZ. Бір реттік қолданылатын ас құралдарын, тәрелкелер мен түтікшелерді енді тұтынуға болмайды, деп жазады baq.kz.
Бұл талапты Еуроодақ 3 жыл бұрын қойған болатын. Бірақ ресми Прага аталған шартты орындауға асықпай жүрген еді. Былтыр экологтар Чехияның ірі қалаларындағы қоқыстың 70 проценті пластиктен тұратынын дәлелдеп, дабыл қақты. Жаңа заң Прагадағы саудагерлерге қиын соғуда. Бұған дейін сатылымға, адам жинауға, әлеуметтік арақашықтық сақтауға арналған ковид шектеулерінен зардап шегіп келген кәсіпкерлер енді ыдыс-аяғын ауыстыруға мәжбүр.
Әлбетте қыруар шығынға батамыз. Әрбір тиынымызды санап отырған шақта бұл үлкен соққы болды. Фаст фудтың бір палаткасына кемінде 500 доллар жұмсауымыз керек. Оның үстіне пластикті не нәрсемен ауыстыратынымызды әлі толық шешкен жоқпыз. Әзірге ағаш құралдар алып жатырмыз. Стақандар мен тәрелкелерді қағаз түрімен ауыстырдық. Бірақ олар өте қымбат және тез бүлінеді, - деді саудагер Омерта Закик.
Пластиктен құтылмасқа амал жоқ. Себебі көшеде одан аяқ алып жүргісіз. Салдарынан құстар мен жануарлар қырылып жатыр. Ресми мәлімет бойынша жылда Чехияда 300 млн пластик түтікше, 80 млн ас құралы және 40 миллион стақан сатылады. Енді жылына 2 миллиард пластик ыдысқа қысқару керек.
Жаңа заңды Чехия сауда инспекциясы мен санитарлық қызмет мекемелері қадағалайды. Бизнесмендерге ережелерге бейімделуге 2 ай уақыт берілді. Одан кейін заң бұзғандарға айыппұл салынып, кәсібі жабыла бастайды. Ал экологтар келесі кезекте парламентке пластик шөлмектерді тұтынуға тыйым салу туралы заң жобасын әзірлеп жатыр.