COVID-19-ды барынша ерте анықтау әдісі табылды

0
2 427

​Өткен жылы 29 сәуір мен 29 қыркүйек аралығында Нью-Йорк қаласындағы Маунт-Синай клиникасында арнайы зерттеу жүргізілді.


COVID-19-ды барынша ерте анықтау әдісі табылды

ERNUR.KZ. Смарт-сағаттар коронавирустың белгілері шықпай жатып, вирусты жұқтыру жағдайын жеті күн бұрын анықтай алады. Бұл туралы CBS News-ке сұқбат берген америкалық ғалымдар айтты, деп жазады sputniknews.kz.

Өткен жылы 29 сәуір мен 29 қыркүйек аралығында Нью-Йорк қаласындағы Маунт-Синай клиникасында арнайы зерттеу жүргізілді. Оған осы емхананың 300 қызметкері қатысты. Барлығы түрлі компания шығарған смарт-сағатты тағып көрген. Негізгі мақсат – COVID-19 вирусын ерте анықтау.

Зерттеу кезінде гаджеттердің көмегімен жүрек ырғағының өзгеруі бақылауға алынды. Жүрек циклінің арасындағы интервал қалай өзгеретіні анықталды. Дәл осы көрсеткіш иммундық жүйе жұмысын бағалауға мүмкіндік береді. Мәселен, жүрек ырғағының өзгеруі төмен болса, яғни, екі жүрек циклының арасы қысқарса, коронавирус жұқтыру ықтималдығы артады. Ал екі жүрек циклының интервалының ұзаруы адамның жүйке жүйесі белсенділігін және күйзеліспен күресу қабілетін көрсетеді.

Ғалымдардың айтуынша, смарт-сағаттар жөтел мен қалтырау сияқты коронавирустың негізгі белгілері шықпай жатып, вирусты жұқтыруды алдын ала анықтай алады.

"Бүгінде симптомсыз ауыратын адамдардан инфекция жұқтыру қаупі жоғары болып тұр. Осындай жағдайда смарт-сағаттар тамыр соғуының жоғарылағанын және жүрек соғуының өзгеруін көрсете алады", - дейді ғалымдар.

Ал Стэнфорд университетінде тағы бір зерттеу жасалды. Сол кезде коронавирусқа шалдыққан адамдардың 81 проценті тест-сынамасын тапсырғанға дейін тоғыз күн бұрын жүрек ырғағының өзгергенін байқаған. Осы тәжірибеге қатысушылар смарт-сағат пен трекер таққан. Басында жЖүректің жиырылу кезеңдерінің арасындағы интервалдың қысқарып, кейін ауру белгілері байқалатынын көрсетті.

Айта кеткен жөн, бұған дейін мобильді қосымшаның көмегімен жүргізілген зерттеудің аясында әлем бойынша төрт миллионнан астам адамның мәліметтері зерделенді. Ғалымдар COVID-19 салдарынан жүректің жиырылу кезеңдері тұрақсыз немесе тым жоғары жиілікпен болатынын байқаған болатын.

Ал тамырдың соғуын қателіксіз өлшеу үшін бес минуттай демалған дұрыс. Тамырдың қалыпты соғуы - минутына 60-100 рет.