Ол үшін Хамас пен Израиль бір-бірін айыптап отыр. Ал Иорданияда саммит өтпейтін болды. Сондықтан Байден Израильге ғана сапар шекпек.
ERNUR.KZ. Сейсенбі күні Газа қаласында баспана іздеген палестиналықтар мен жаралыларға толы ауруханада үлкен жарылыс болып, жүздеген адам қаза тапты. Мұны жергіліктікті денсаулық сақтау министрлігі хабарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz.
Хамас бұл сұмдық қырғын үшін Израильдің әуе шабуылын айыптап отырса, Израиль әскерилері госпитальді палестиналық содырлар қате жіберген зымыран қиратты деп мәлімдеді.
Кемінде 500 адам қаза тапты, деп хабарлайды аталған министрлік.
Бұл жарылыс араб әлемін ашындырып, Израильдің Түркия мен Иорданиядағы елшіліктері мен Ливандағы АҚШ елшілігінің жанында наразылық шерулері өтті. Оларды тарату үшін қауіпсіздік күштері демонстранттарға қарсы көзді жасаурататын газ қолданған.
Осындай демонстрациялар Йемен, Марокко және Ирак астаналарында да өткен.
Ауруханадағы қанды қырғын салдарынан аймақта ашу-ыза тіпті күшейген шақта, соғысты тоқтату үшін Таяу Шығысқа АҚШ президенті Джо Байден бара жатыр. Бірақ Иордания сыртқы істер министрі оның елі сәрсенбіде Амманда өтуге тиіс аймақтық саммитті доғарғанын жариялады. Ол конференцияда Байден Иордания королі Абдалла II-мен, Палестина президенті Махмуд Аббаспен және Мысыр президенті Әбдел Фаттах ас-Сисимен кездесуі керек еді.
"Израиль мен Хамас арасындағы соғыс аймақты қиын жағдайға итермелеп отыр", - деді Иордания сыртқы істер министрі Айман Сафади мемлекеттік телеарна арқылы жасаған мәлімдемесінде.
Оның айтуынша, барлық тараптар "соғысты тоқтатуға, палестиналықтарды құрметтеуге және оларға лайықты көмек көрсетуге" келіскенде ғана Иордания бұл саммитті өткізуге дайын.
"Осыған байланысты, Байден енді Израильге ғана барады", - дейді Ақ үйдің ресми өкілі.
Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, "әл-Әлхи" ауруханасындағы алапат жарылысқа дейін Израильдің Газаға жасаған соққылары палестиналық секторда кем дегенде 2,778 адамды өлтіріп, 9,700-ін жаралаған. Министрлік өкілінің айтуынша, қаза тапқандардың үштен екісіне жуығы - балалар. Және де бүкіл Газа бойынша тағы 1200 адам тірі немесе өлі күйінді үйінділердің астында көміліп қалған.
Қазанның 7-інде Хамас Израильдің оңтүстігіндегі қалаларға шабуыл жасап, 1400-ден астам адамның, негізінен бейбіт тұрғындардың өмірін қиды. Сонымен қатар, 200-дей адам тқтқындалып, Газаға әкетілді. Газадағы Хамас жасақтары содан бері күн сайын Израиль қалаларына ракета жаудырып жатса, Израиль исламшыл қозғалыстан кек аламын деп палестиналық анклавты қайта-қайта бомбалап жатыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, 1 миллионнан астам палестиналық үйлерін тастап кетті. Бұл - Газа халқының шамамен жартысы жуығы. Және де солардың 60 пайызы қазір оңтүстікке қарай кетіп, ұзындығы шамамен 14 шақырымдық аумаққа қоныстанып жатыр.
Мысырмен арадағы жалғыз Рафах өткізу пунктінде жүк көліктері бір күннен астам уақыт бойы Газаға кіре алмай тұр. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәлімдеуінше, осының салдарынан Газаға 300 тоннадан астам азық-түлік енгізілмеген.