Ресми өкіл Трамп мәлімдемесі арқылы мыңдаған адамның өліміне жауапкершілікті басқалардың мойнына артпақ болғанын айтты.
ERNUR.KZ. Қытай билігі АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың коронавирус пандемиясына өтемақы ретінде 10 триллион доллар төлеу туралы талабын қабылдамады, деп жазады Tengrinews.kz.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэнбиннің айтуынша, Трамп мәлімдемесі арқылы мыңдаған адамның өліміне жауапкершілікті басқалардың мойнына артпақ болды.
Дипломат БАҚ-қа өткізген брифингінде Трамп билеп тұрғанда елде 24 миллионнан аса COVID-19 жағдайы тіркелгенін және қайтыс болғандар саны 410 мыңнан асқанын айтты.
"Трамп деректерді елемеді, пандемияға қарсы әрекет етудегі сәтсіздігі үшін жауапкершілікті ысыруға тырысты және қоғам назарын басқаға аудармақ болды. Біз Америка қоғамы жауапкершілікті кім сезуі керек екенін нақты білетініне сенімдіміз. Адамдардың өмірі мен денсаулығына назар аудармаған екіжүзді саясаткерлерді жауапқа шақыру керек", - деді Вэнбин.
Еске салайық, 6 маусымда Солтүстік Каролинада өткен Республикалық партияның съезінде Трамп Қытай коронавирус пандемиясы үшін АҚШ-тың экономикалық залалын өтеуі керек деп мәлімдеді. Ол Қытайға 10 триллион долларлық шот берілуі тиіс екенін және оларға қарыз елдердің барлығы ақша төлеуден бас тартуы керек деген.
Бұған дейін Трамп коронавирусты "қытайлық вирус" деп атаған жөн деп бірнеше рет айтқан. Трамп әкімшілігі коронавирусқа "кунг-фу-тұмау" деген атау да берген. Өз кезегінде ҚХР СІМ өкілдері инфекцияның атын Қытаймен байланыстыру әрекеттерін үнемі айыптап отырды. Джо Байден де үкіметтік құжаттарда "Қытай вирусы" терминін қолдануға тыйым салуға ниетті екенін айтқан.