Мьянмада әскерилер билікті басып алды

0
2 435

Ел президенті, премьер-министрі және Мемлекеттік кеңесші ұсталды.


Мьянмада әскерилер билікті басып алды

ERNUR.KZ. Мьянма әскерилері Мемлекеттік кеңесші Аун Сан Су Чжиді, Үкімет басшысын, сондай-ақ ел Президенті Вин Мьинді ұстады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Соңғы күндері елде саяси жағдай қатты ушыққан. Өйткені, көпшілік 2020 жылы қараша айында өткен парламент сайлауында көптеген бұрмалаушылықтар болды деп санайды. Бұқаралық ақпарат құралдарында сайлаудан кейін Мьянмада төңкеріс жасау мүмкіндігі туралы хабарламалар пайда болған.

«Демократия үшін ұлттық лига» билеуші партиясының өкілі Мио Ньюнт Мьянма мемлекеттік кеңесші Аун Су Чжиді, президент Вин Мьинді және басқа да көшбасшыларды 1 ақпанда таңертең белгісіз адамдар «ұстап алғанын» хабарлады.

1 ақпанда Парламенттің алғашқы отырысы өтуі керек еді. Алайда, БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, елде «техникалық себептерге байланысты хабар тарату тоқтаған».

Қазіргі уақытта Мьянмада төңкеріс жасаған әскери күштер вице-президент Мьинт Швені елдің уақытша президенті етіп тағайындады.

Уақытша президенттің қолы қойылған декларация әскери қызметкерлерге тиесілі «Мьявади» телеарнасының эфирінде оқылды. Декларацияда мемлекеттік биліктің толықтығы Мьянма қарулы күштерінің Бас қолбасшысы, аға генерал Мин Аунг Хлайнға берілетіні айтылған.

Айта кетерлігі, қарашада өткен парламент сайлауында Аун Сан Су Чжидің «Демократия үшін ұлттық лига» партиясы 70 пайыздан астам дауыс жинап, жеңді.

Оңтүстік-шығыс Азия елінде президент билігімен қатар, соңғы 50 жылда Мьянма қарулы күштерінің де саяси және экономикалық ықпалы зор