"Олар оны өлтіреді!": Протасевичтің ата-анасы ұлының видеосы туралы пікір білдірді

0
652

Видеода біз Романның беті көгергенін анық көріп отырмыз, оны жақсылап гриммен жапқан, дейді журналистің анасы.


ERNUR.KZ. Беларусьтік журналист Роман Протасевичтің ата-анасы Deutsche Welle басылымына ұлының тергеу изоляторында түсірген видеосына пікір білдірді, деп жазады Tengrinews.kz.

Наталья мен Дмитрий Протасевич ұлының өміріне алаңдап отыр.

"Мына видеода біз Романның беті көгергенін анық көріп отырмыз, оны жақсылап гриммен жапқан. Мұрны сынған сияқты. Сол жақ беті ісініп тұр, оның тісі сынды деген күдік бар... Қылғындыру ізі бар...", - деді Nexta Telegram-арнасының бұрынғы бас редакторының анасы.
"Әлем, көмектесіңіздер. Сіздерден өтініп сұраймын. Өйткені олар оны өлтіреді!", - деді Наталья Протасевич.



Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Минск тергеу изоляторында отырған Роман Протасевичтің үндеуін жариялаған болатын, онда журналист тергеумен бірге жұмыс істеп жатқанын және Минскідегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғанын мойындағанын мәлімдеген.



Еске салайық, 23 мамырда күндіз Ryanair әуе компаниясының Афинадан Вильнюске ұшып бара жатқан ұшағы Минскіде шұғыл қонған. "Ұшақ бомба қойылды деген хабардан кейін қондырылды", - делінген әуежай хабарламасында. Кейін бомба туралы ақпарат расталмады.

Ұшақ бортында журналист, Nexta телеграм-арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевич болған. Nexta 2020 жылғы тамызда Беларусьтегі президенттік сайлаудың нәтижелері жарияланғаннан кейін жаппай наразылық кезінде оппозицияның негізгі алаңдарының бірі болды.