Сәнгерлер аң терісін қолданудан жаппай бас тартуда

0
1 019

Бүгінде сәнде – экологиялық материалдар.


Сәнгерлер аң терісін қолданудан жаппай бас тартуда

ERNUR.KZ. Париж сән апталығы тарихында алғаш рет ауқымды әлемдік брендтер аң терісінен бас тартқанын паш етіп, өз коллекцияларын таныстырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы бұл тенденцияның ауқымы жылдан жылға кеңейіп келеді. Соған қарамастан, Франция билігі жануарлар терісін өндіріс мақсатында қолдануға тыйым салар емес.

Бұл көрмеге қатысқан брендтердің барлығы дерлік экологиялық материалға аса мән берген. Мәселен, модельер Камерон Кан өз туындыларын жасауда аң терісі мен былғарыны мүлдем қолданбайды. Керісінше, тұтынуға жарайтын шикізатты қайта өңдеуге жаны құмар. Соңғы кездері тұтынушылардың да сұранысы осыған саяды дейді дизайнер.

– Бүгінде сән әлемінде сұраныс бөлек. Тұтунышы да, сәнгер де материалдың барынша экологиялық түрін таңдайды. Себебі не ішіп, не киетінімізге мұқиятпыз. Табиғат ананы қорғап, бағалау қазір өте маңызды, - дейді дизайнер Камерон Кан.

Қаракүзеннен жасалған ішікті кию бүгінде Париж көшлерінде сәнде емес. Одан бөлек, елде жануарларды қорғауға арналған акциялар белең алған. Тіпті аң терісін өндірісте қолдануға тыйым салатын петицияға 350 мың тұрғын қол қойып үлгерді. Бұл дегеніңіз, экожауапкершілік жылдан жылға күшейіп келеді деген сөз.

– Жалпы Франция мен Еуропа елдері соңғы уақытта аң терісін қолданудан жаппай бас тартуда. Көшеде ішік киген жұртты табу қиын. Ескі аудандарда 60-тан асқан әжей ғана киюі мүмкін. Жастар қазір тоннан да, былғарыдан да бас тартқан, - дейді интернет басылымның бас редакторы Ольга Рузад.

Бүгінде сәнде – экологиялық материалдар. Киім өндірушілер де бұл сұранысты бірден байқады. Осыдан екі жыл бұрын әлемге әйгілі француз кутурьесі Жан-Поль Готье алғашқылардың бірі болып, аң терісінен бас тартқан еді. Қазіргі таңда әрбір беделді сән үйі осы бастаманы ұстанып келеді.