Швеция 2 жасқа толмаған балаларға телефон бермеуді ұсынды

0
495

Швецияның денсаулық сақтау министрлігі 2 қыркүйекте денсаулық сақтаудың жаңа нормасын іске қосқан.


Швеция 2 жасқа толмаған балаларға телефон бермеуді ұсынды

ERNUR.KZ. Швеция екі жасқа толмаған кішкентай балаларға ұялы телефон немесе теледидар экранын қарауға тыйым салуға кеңес беретін жаңа ереже шығарды, деп жазады inform.kz.

Сингапурдың 8world ресурсының хабарлауынша, Швецияның денсаулық сақтау министрлігі 2 қыркүйекте денсаулық сақтаудың жаңа нормасын іске қосқан.

Ведомство екі жастан бес жасқа дейінгі балалардың ұялы телефон немесе теледидар экранын көруге жұмсайтын уақытын күніне бір сағаттан аз уақытқа шектеуді ұсынады.

Ал 6 мен 12 жас аралығындағы балаларға — екі сағат, 13 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердікі — үш сағаттан аспауы керек.

Швеция денсаулық сақтау министрлігі тіпті 2 жасқа толмаған балалар мобильді ойындар мен видеолар сияқты цифрлық медиадан аулақ болуы керек деп мәлімдеді.

«Цифрлық өнімдер мен қосымшалар балаларымыздың күнделікті өміріне еніп кеткеніне тым ұзақ болды», — дейді Швецияның денсаулық сақтау және әлеуметтік істер министрі Якоб Форссмед.

Оның айтуынша, Швецияда 9 бен 12 жас аралығындағы жасөспірімдер сабақтан тыс уақытта күніне төрт сағатқа дейін, ал 17 мен 18 жас аралығындағы жастар жеті сағаттан астам уақытын экран алдында өткізеді.

Якоб Форссмед бұл балалардың уақыты мен энергиясын тауысып, дене мен ақылға пайдалы әрекеттерге кететін уақытты айтарлықтай қысқартады деп санайды.

БАҚ хабарлауынша, Швеция үкіметі бастауыш мектепте смартфонға тыйым салуды қарастырып жатыр.