​Шымкенттік жігіт Кореяда жол апатына түсіп, қиын жағдайға тап болды

0
4 321

Жол апатына түскенде оның қасында қызылордалық бойжеткен болған, екеуіне де елден көмек қажет болып отыр.


​Шымкенттік жігіт Кореяда жол апатына түсіп, қиын жағдайға тап болды

Корея еліне жұмысқа кеткен шымкенттік жігіт ауыр жол апатына түсіп, бас сүйегіне жедел ота жасауға тура келген, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Редакциямызға Оңтүстік Корея еліне жұмысқа кетіп, сол жерде ауыр жол апатына түскен Шымкент қаласының тумасы Әуелбек Оңалбай есімді азаматтың туыстарынан хат келіп түсті. Хатта жат елге табыс табу мақсатында кеткен жігіттің жол апатына түсіп, ауыр жағдайға тап болғанын, жедел түрде басына операция жасалғаны туралы жазылған.


Туыс әпкесі Жәмиланың айтуынша, інісі табыс табу үшін жат елге кеткен. 7 мамыр күні Пхёнчханға бара жатқан трассада ішінде 5 адам (3 ер бала, 2 қыз) болған автокөлік жол бойындығы бетонға барып соғылған. Сол апаттан 2 қазақ (1 қыз,1 жігіт) азаматы ауруханаға түсіп, ауыр xәлде жатқан көрінеді. Әуелбектің миына операция жасалған, ал қыздың жамбасына ота жасалуы керек екен.

«Қайдан, кімнен көмек сұрарымызды білмей отырмыз. Жағдайлары қиын, қыздың операциясына шамамен 12 млн вон, оған қоса ары карай еміне 4-5 млн вон қажет екен. Жігіттің басына жасалынып қойылған операциясына және тағы алатын 2 апталық еміне 12 млн вон шамасында ақша қажет. Енді сөзді қорыта айтқанда осылардың еміне көмек керек болып жатыр! Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, осыны оқып отырған әрқайсысымыз қолымыздан келгенше көмектесіп жіберсек ңұр үстіне нұр болар еді. Рамазан айында істеген жақсылықтарыңыз Алладан қайтар», дейді Әуелбек Оңалбайдың әпкесі.


Шымкенттік жігіттің ағасы Жұманов Әуезбен телефон арқылы хабарласқанымызда, алыс шетелге баруға мүмкіндіктері болмай қиын жағдайға қалып отырғандығын жеткізді.

«Қайда барып, кімнен көмек сұрарымызды білмей отырмыз. Жақын жер де емес. Бара алмаймыз... Қандай күйде жатқанын біле алмай отырмыз. Кім бар екен? Көмектесе алатын жандар болса…», - дейді бауыры үшін уайым жеген ағасы.



Әпкесі Жәмила Әуелбектің әкесінің қайтыс болып кеткендігін, мұнда анасы мен ағасы ғана бар екендігі айта келе шетелде қиындыққа тап болған Қазақстан азаматына мемлекет қолұшын созар ма екен деген үміті бар. Сонымен қатар, Вонджу және Сунчён қаласында жүрген қазақ бауырлар болса ауруханаға барып, xал-жағдайын біліп, қандай да бір көмек көрсете алар ма екен дейді.

«Қалай болсада бәріміздің бойымызда қазақтың қаны, бөтен елде жүргендіктен осындайда бір-бірімізге қолдау білдіргеніміз дұрыс болар», - дейді ол.

Желі арқылы Кореяда ауруханада жатқан Әуелбектің күндіз-түні қасында жүрген Дулатбек есімді жігітпен сөйлесіп, апатқа түскен жандардың бүгінгі жағдайы туралы білдік. Оның айтуынша, Әуелбектің миына жасалған операция сәтті өткен. Қазір палатада жатып ем қабылдауда екен. Ал қызылордалық қыз басқа ауруханада жатқандықтан, оның бүгінгі жағдайы туралы ештеңе айта алмады. Тек әлі операция жасалмағандығын, бәрі де қаржылық жағдайға тіреліп тұрғанын айтты.

Қайырымды адамдар мен азаматын сыртта қиын жағдайда қалдырмайтын мемлекеттен үмітті жандардың жүрек ауыртар жағдайы осындай.

Көмек көрсетемін дегендер үшін байланыс нөмірі - +7 778 560 2929, +7 778 400 0092, +7 747 720 54 50

Суреттер мен видео - Оңтүстік Кореядан (туыстарының рұқсатымен жарияланды)