Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер көп.
ERNUR.KZ. 25 қыркүйекте Қарабақтағы Ханкенди қаласының маңындағы жанармай құю бекетінде жарылыс болды. Бұл туралы Әзербайжан Республикасы президенті әкімшілігінен хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.
Мәліметке сәйкес, оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер көп.
Осыған байланысты зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында 200 адамды емдеуге арналған күйікке қарсы медициналық құралдар, таңғыштар, қолғаптар, дәрі-дәрмектер (спрей, жақпамай, ауырсынуды басатын дәрілер, антибиотиктер және т.б.) бар жедел жәрдем көлігі алғашында Ағдам-Аскеран-Ханкенди жолы бойына жөнелтілді.
DW таратқан ақпаратқа сәйкес, Степанакерт-Аскеран тасжолындағы газ қоймасында болған жарылыстан қаза тапқандардың нақты саны анықталу үстінде. Зардап шеккендер Арменияға жөнелтіліп жатыр.
Арменияның 24news интернет-басылымы елдің денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап жазғандай, құтқарушылар зардап шеккендерді әуе және құрлық арқылы ауруханаларға жеткізуді ұйымдастырып жатыр. Зардап шеккендерді Арменияға жөнелту үшін тікұшақтар тартылды.