Бірақ Панджшердегі көтерілісшілер бұл мәлімдемені жоққа шығарып отыр.
ERNUR.KZ. Ауғанстандағы соғыс аяқталды. Бұл туралы «Талибан» қозғалысының өкілі (Қазақстанда тыйым салынған) Забиулла Муджахид мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.
Бұған дейін «Талибан» өкілі содырлар Панджшерді толығымен бақылауға алғанын мәлімдеген еді. Ол кейбір көтерілісшілердің провинциядан қашып кеткенін, ал басқаларының шайқаста қаза тапқанын жариялады. Сонымен қатар Муджахид тәліптердің Панджшердегі бейбіт тұрғындарұа қастандық жасамайтынын алға тартты.
Осы мәлімдемеден кейін «Талибанға» қарсы шыққан көтерілісшілер тәліптердің жалған ақпарат таратып жатқанын жариялады. Олар содырларға қарсы күрес жүргізу үшін барлық стратегиялық нысандарды сақтап қалғанын мәлім етті.
6 қыркүйекте «Талибанға» қарсы соғысты қолдайтын Ауғанстанның бұрынғы вице-президенті Амрулла Салех Панджшерден Тәжікстанға қашып кеткені туралы хабар тараған еді. Бірқатар басылым саясаткердің посткеңестік республикада екенін растады. Бірақ оның нақты қай жерде екені белгісіз.