Дональд Трампқа коронавирус жұққаны 1 қазанда анықталған.
ERNUR.KZ. АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбі күні кешке Вашингтон маңындағы әскери госпиталь алдына жиналған жақтастарын қарсы алу үшін бір мезет ауруханадан шықты. Жиналғандарға лимузин ішінде отырып қол бұлғаған Трамп көліктен түспеді. Бұдан соң қайта ауруханаға оралған, деп жазады azattyq.org.
Президент жақтастары Трамптың әрекетін қолдап, оның айығып келе жатқанына көз жеткізген. Дегенмен президенттің әрекетін сынағандар да болды. Госпиталь дәрігерлерінің бірі Джеймс Филлипс Трамптың әрекетін "ессіз" қылыққа балап, Трамппен бірге көлікте болғандар енді карантинге кетуі тиіс, оларға коронавирус жұғуы да мүмкін деді.
Трамп жексенбі күні шағын видео түсіріп, коронавирус туралы "білімі молайғанын" жеткізген.
"Кәдімгідей мектептен өтіп, ол туралы білімім молайды. Бұл - нағыз мектеп, ол туралы кітаптан оқыған жоқпын - ауруға шалдығып, көп нәрсені ұқтым" деді президент.
Бұған дейін Трамп дәрігерлері президенттің жағдайы жақсарып келе жатқанын, 5 қазанда ауруханадан шығуы мүмкін екенін айтқан.
Дональд Трампқа коронавирус жұққаны 1 қазанда анықталған. Ертесінде оны ауруханаға жатқызды. Жексенбі күні дәрігерлер президенттің ағзасындағы оттегі деңгейі қалыпқа түсті деп мәлімдеді. Оның жағдайы жақсарған.
Президент жақын арада сайлауалды кампаниясына оралам деп үміттенеді. Ол сайлауға аз уақыт қалғанда Covid-ке шалдығып отыр. Трамптың қарсыласы Джо Байден коронавирус тестінен өткен. Одан коронавирус анықталмаған.