Түркия Израиль президенті үшін аспанын жауып тастады

0
247

Осылайша Израиль министрлері Грузия арқылы Әзірбайжанға келді.


Түркия Израиль президенті үшін аспанын жауып тастады

Фото: ©️ AP Photo / Pavel Golovkin

ERNUR.KZ. Анкараның ұстанымына байланысты Ицхак Герцог Бакудегі БҰҰ-ның климат өзгеруі тақырыбындағы конференциясына сапарын тоқтатуға мәжбүр болды, деп жазады inbusiness.kz.

Израиль президенті Ицхак Герцог Түркияның әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салуына байланысты Әзірбайжанда өтетін БҰҰ-ның климат өзгеруі жөніндегі конференциясына (COP29) сапарынан бас тартты.

Израиль басшысы Ицхак Герцог сапары кезінде ресми Wing of Zion ұшағына мінуге тиіс еді. Алайда форумға қатысып жатқан израильдік министрлер Грузия арқылы коммерциялық әуе рейстерімен Бакуге жеткен.

Yedioth Ahronot басылымының дерегінше, қарқынды келіссөздер бірнеше күн бойы дипломатиялық арналар арқылы жүргізілгенімен, нәтижесіз аяқталды. Сонымен бірге ресми Баку климат конференциясына қатысушылардың бәріне қажет жағдай жасағанын атап өтті.

Израиль президентінің кеңсесі сапардың қауіпсіздік мәселелеріне байланысты тоқтатылғанын мәлімдеді. Алайда Caliber.az порталына Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігінің жоғары лауазымды өкілі берген сұхбатта Герцогтың конференцияға бара алмауы Анкараның ұстанымына байланысты екенін атап өтті.

COP29 конференциясы 11-22 қараша аралығында Бакуде өтіп жатыр. Форумның негізгі тақырыбы – 2025 жылдан бастап климат өзгерістеріне қарсы күрес шараларын қаржыландыру. Сарапшылар бұл шаралардың жылдық құнын кемінде 1 триллион долларға (940 миллиард еуро) бағалап отыр. Сонымен қатар конференцияда атмосфераға парниктік газдар шығарындысын азайту бойынша алдағы жұмыс талқыланбақ.