“Бірге өлдім деп ойладым“. Шерзаттың әжесі сотта жауап берді

0
175

Ол сол қайғылы түннің егжей-тегжейін баяндады.


“Бірге өлдім деп ойладым“. Шерзаттың әжесі сотта жауап берді

Фото: ©Tengrinews.kz/Болат Айтмолда

ERNUR.KZ. Сотта марқұм Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Қадырова жауап берді, деп жазады tengrinews.kz.

Ол сол қайғылы түннің егжей-тегжейін баяндады. Оның айтуынша, түнгі сағат 11-де жұмыстан үйіне оралған. Отбасымен шай ішіп жатқанда, ұлы Қаржаубай қоңырау шалып, бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты оятуды сұраған.

"Ол Нұрғанат келуі қажет екенін, Шерзат біреуді ұрғанын айтты. Нұрғанат тез жиналып, шығып кетті. Тыныш емес екенін сезіп, таксиге шақырып, біз де ізінше жолға шықтық. Жеткенде көп адам тұрғанын көрдік", - деді Шерзаттың әжесі.

Оның айтуынша, құлап жатқан Шерзатқа қарай жүгірген, алайда оны айыпталушы Абзал Шынасыл құлатып жіберген. Марқұмның әжесі көз алдында бір топ адам немересін соққыға жыққанын жеткізді. Мұның бәрі 15-20 минутқа созылған.

"Құлап жатқан Шерзатты барлығы ұрып-соғып, тепкіледі. Шет қалған адам жоқ. Барлығы қасақана өлтіруге келді. Кейінірек олар қашып бара жатқанда, олардан пышақ көрдім. Олар үш көлікке отырып, кетіп қалды. Қастарында екі қыз болды", - деп еске алады әйел.

Шерзат әжесінің қолында өскен. Ол бокспен айналысқан. Жәбірленуші тарап өкілінің айтуынша, айыпталушылардың туыстарының ешқайсы болған оқиғадан кейін келіп кешірім сұрамаған.

"Шерзатпен бірге өлдім деп ойладым. Қолымда өскен бала. Бала кезінен бері тәрбиеледім. Мен де, ұлым да бәрін кешіре аламыз, бәрін бір Аллаға тапсырамын", - деп түйіндеді ол.

Процесс Жетісу облысы Талдықорғандағы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Айыпталушылар орнында тоғыз адам отыр.

Бұған дейін Алматы облысы Полиция департаменті Шерзат Болат ісі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлаған еді. Тергеу аясында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Барлық күдіктімен оқиға болған жерде жауап алу, іске қатысушылар арасында беттестіру және қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған басқа да тергеу әрекеттері жүргізілген.

Сегіз бейнематериал зерттеліп, қылмысқа қатысы бар барлық адамға құқықтық баға берілді. Қылмыстық істің көлемі 62 томнан тұрады.

Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.

Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.

Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.