​Өзбекстанда салынатын АЭС-тің ядролық отыны Қазақстан арқылы тасымалданады

0
191

Спикер Өзбекстан АЭС-ке өзінің аумағында өндірілетін уранды пайдалануды жоспарлап отырғанын атап өтті.


​Өзбекстанда салынатын АЭС-тің ядролық отыны Қазақстан арқылы тасымалданады

Фото: Өзбекстанның Энергетика министрлігі

ERNUR.KZ. Өзбекстанда бой көтеретін аз қуатты АЭС-ке қажетті ядролық отын Қазақстан аумағы арқылы тасымалданады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат берген Uzatom агенттігінің Атом электр станциясы құрылысы дирекциясының директоры Отабек Аманов мәлім етті, деп жазады inform.kz.

– Өздеріңіз білетіндей, Өзбекстанда 1959 жылдан бері зерттеу мақсатында қолданылып келе жатқан ядролық рекатор бар. Ол Ұлықбек ауылында орналасқан. Тиісінше, оған жыл сайын ядролық отын әкелінеді. Атап айтқанда, Өзбекстанға отын екі жолмен жеткізіледі: бірі – ұшақпен, екіншісі пойызбен. Бұл екі маршрут та Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл ретте біз Қазақстан үкіметімен логистика бойынша өзара іс-қимыл жүргізіп келеміз. Сондықтан Өзбекстанда салынатын атом электр станциясына қажетті ядролық отын жеткізуде Қазақстан тарапымен ынтымақтастықты жалғастырамыз деген ниеттеміз, - деді Отабек Аманов «Sputnik Өзбекстан» баспасөз орталығында өткен басқосу аясында Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Спикер Өзбекстан АЭС-ке өзінің аумағында өндірілетін уранды пайдалануды жоспарлап отырғанын атап өтті. Алдын ала есептеулерге сәйкес, бұл ядролық отын құнын 30%-ға арзандатады. Яғни, ресми Ташкент шикі уранды Мәскеуге жөнелтеді, кейін дайын өнім Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға қайта жеткізіледі.

– Ядролық отынды тасымалдау бойынша Қазақстан үкіметімен мәселе болмайды деп ойлаймын. Өйткені, бізде бұған дейін қалыптасқан маршруттар мен тәжірибе бар. Ол алдағы жұмыстарға негіз болады, - деп түйіндеді Отабек Аманов.
Еске салайық, таяуда Kazinform агенттігіне сұхбат берген Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев алғашқы уақытта Өзбекстан ядролық отын қалдығын салынатын АЭС-тің аумағында сақтайтынын мәлім етті. Сондай-ақ, ол энергетикалық нысанның құны 2 млрд доллардан аспайтынын айтты.
Айта кетейік, Өзбекстанда ресейлік технология бойынша өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясы салынады. Әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор (жалпы қуаты – 330 МВт) Джизак облысындағы Тузкан көлінде бой көтереді. АЭС-тің алғашқы реакторы 2029 жылдың соңында іске қосылмақ. Ал ол толық қуатта 2033 жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған.