АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның соңғы ресми статистикасы елдің ірі қалаларында халықтың шамадан тыс көп екенін, ал кейбір аймақта адам мүлде жоқ екенін көрсетті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Түркия Статистика мекемесінің (TÜİK) 2024 жылғы мәліметі бойынша Түркия халқының саны 85 664 944-ке жетті.
Осыған қарамастан, елде бір ғана адам өмір сүріп жатқан елді мекендер бар. Белгілі болғандай, бүгінде Түркиядағы бес ауылдың әрқайсысында бір ғана тұрғын бар.
Шырнак — Агачюрду (Гүчлюконак ауданы)
Сиирт — Чаттепе (Курталан ауданы)
Игдир — Тарлабасы (Аралик ауданы)
Битлис — Кайалыбағ (орталық аудан)
Бингөл — Чомаккөй (Кигі ауданы)
Бұл жерлерде ауыл өмірі тоқтап қалғандай және барған сайын өркениеттің ізі де азайып барады.
Түркияда 10 немесе одан аз халқы бар 57 ауыл бар, бұл урбанизация және үлкен қалаларға көшу үрдісін растайды.
Біз бұған дейін Түркияның қартайған халық мәселесімен бетпе-бет келгені туралы жазған болатынбыз. Елдің кейбір провинцияларында түрік халқының қартаюы орташа 43 жасқа жетті.