Уханьда 30 мыңға жуық үй жануары аштан қырыла бастаған

0
982

Қаладан көшіп кеткен 5 млн тұрғынның ит-мысығы үш аптадан бері қараусыз қалыпты.


Уханьда 30 мыңға жуық үй жануары аштан қырыла бастаған

ERNUR.KZ. Ресми деректерге сүйенсек, Қытайдағы коронавирус ошағы саналатын Ухань қаласына шектеу қойылғанға дейін 5 млн тұрғын өзге қалаларға көшіп үлгерген екен. Ал үш аптадан бері тамақсыз, сусыз қалған үй жануарлары қырыла бастады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Еuronews.com сайтының жазуынша, қазіргі таңда үй жануарларын еріктілер құтқаруға кіріскен. Қожайындарының өтініші бойынша олар үйлерді жинастырып, жануарларды тамақтандырумен айналыса бастаған.

Бүгінде олар 2,5 мыңға жуық ит-мысықты, мини-шошқа мен қояндарды, құстарды, бауырымен жорғалаушыларды құтқара алған.

Кейде үй қожайындары еріктілер ішке ене алуы үшін оларға үй кодын айтатын көрінеді. Енді бірі туыстарына немесе таныстарына қалдырған қосымша кілтті алып кетуді өтініп жатады. Кейде еріктілердің өздері есікті ашып кіруге мәжбүр болады.

«Бірнеше күн бұрын бір пәтерге барған едім. Үй қожайыны мысығына үш күндік ас-су қалдырып кеткенін айтқан болатын. Бірақ үйге кіргенімде, аштықтан әбден әлсіреп, өлуге айналған мысықты көрдім. Мен оған су беріп едім, 10-ақ секундта ішіп алды. Әйтеуір, оны құтқарып қала алдым», – дейді Wuhancat Animal Rescue Center басшысы Лао Мао.

25 жастағы Чэнь И үйінде төрт айлық күшікпен және бес айлық мысықпен бірге тұрады екен. Уханьнан кетер кезде ол жануарларына біршама тамақ қорын қалдырып кетіпті.

«Уханьның карантинге жабылып қалғанын естігенде, үйдегі жануарларымды қатты уайымдадым. Өйткені, қашан қайтып оралатыным белгісіз болды», – дейді жануарлардың иесі.

Ухань жануарларды қорғау қауымдастығының жетекшісі Ду Фан еріктілердің сағат 8.30-дан 17.30-ға дейін жұмыс істейтінін, бірақ жұмыс біткен уақытта да жануарлардың иелері қоңырау шалып жататынын айтады.

Қытайда коронавирус көптеп таралып жатқандықтан, үй жануарлары да ауру тарату көзі болуы мүмкін деген хабарлама пайда болған.