Украина тұрғыны кофе қалдығынан көзілдірік жасайды

0
849

Көзілдірікті толықтай экоөнім деуге болады, өйткені линзаның өзі қайта өңделген мақтадан жасалады.


Украина тұрғыны кофе қалдығынан көзілдірік жасайды

ERNUR.KZ. Украиналық кәсіпкер Максим Гавриленко кофе ұнтағынан эко-көзілдірік жасауды қолға алды, деп хабарлайды Хабар24.

Осы істі 3 жыл бұрын бастаған жас жігіттің шағын өндірісі қазір айына мыңға жуық эко-көзілдірік дайындайды. Көзілдірікті толықтай экоөнім деуге болады, өйткені линзаның өзі қайта өңделген мақтадан жасалады.

Максим Гавриленко – осыдан үш жыл бұрын кофе ұнтағы мен зығырдан көзілдірік өндіруді ойлап тапқан Киевтің жас кәсіпкері. Пластикадан жасалған заттар онсыз да қоршаған ортаға зор зиянын тигізуде, сондықтан ерекше жасыл өнімді жасап шығарғым келді дейді ол. 2018 жылы басталған шаруаның осылайша тасы өрге домалай бастаған. Көзілдірік 100 процент таза өнім: қайта өңделген мақтадан әзірленетін линзаны жігіттер қосымша сатып алады. Киевтік стартаптың өнімі Америка, Еуропа елдерінде сұранысқа ие бола бастапты, қазіргі күні оның кішігірім шеберханасы айына мыңға жуық экокөзілдірік жасап шығарады.


– Біз қалыпты технологияны қолданбаймыз, керісінше, ерекше шешім, ерекше әдіс және ерекше формаларды ойлап тауып, соны жүзеге асырғымыз келеді. Сондықтан біз инженерлеріміздің алдына қызықты әрі қайталанбайтын және техникалық орындалуы басқа көзқарасты қажет ететін тапсырмаларды коямыз. Жоба сонысымен қызық, - деді кофе-көзілдірікті ойлап тапқан кәсіпкер Максим Гавриленко.


О баста ойға алған істі дамыту үшін краудфандинг платформасы негізінде жас кәсіпкер 13 мың ақш долларын желі арқылы жинап алыпты. Бұл қаражат маркетинг пен алғашқы техниканы сатып алуға жұмсалған. Кофе ұнтағынан жасалған бір ғана экокөзілдіріктің салмағы 20 грамм, суға төзімді. Дей тұрғанмен, өнімді әлі де өтімді ете түсуіміз қажет дейді шағын бизнес өкілдері.


– Бір көзілдірік жасау үшін 50 грамм кофе ұнтағы жеткілікті. Бұл дегеніміз, шамамен екі шыны экспрессо. Сондықтан күніне 7,5 кг кофе қалдығын жинап аламыз. Кофеден жасалған көзілдірік табиғи өнім болғаны үшін, тамаша иісі үшін ғана тартымды емес, сондай ол өте сымбатты, ыңғайлы әрі мықтылығымен де танылғанын қалаймыз, - дейді кәсіпкер Аким Карпач.


Күн сайын әлемде 2,5 миллион шыны кофе ішіледі дейді кәсіпкер Максим Гавриленко. Киевтің бір өзінде кофенің қолданылған ұнтағы қоқысқа тонналап лақтырылады. 100 жыл бойы ыдырамай, табиғатқа көп залалын тигізетін пластикаға қарағанда, кофеден жасалған көзілдіріктің философиясы терең дейді Киев кәсіпкері. Кофе қалдығынан көзілдірік қана емес, тұрмыста тұтынатын өзге де тауар түрлерін өндіруді армандаймын деп қосады Максим.