Ұлыбританияда парламент сайлауы басталды

0
355

Бүгін – Ұлыбританияда сайлау күні.


Ұлыбританияда парламент сайлауы басталды

ERNUR.KZ. Британ халқы билік партиясын таңдау үшін сайлау учаскелеріне барады. Сауалнамаларға сәйкес бірнеше жыл ел басқарған консерваторлар жеңіліске ұшырап, парламенттегі орындардың басым көпшілігін лейбористер иеленеді, деп жазады inform.kz.

Бүгін Ұлыбританиядағы 650 сайлау учаскесінің сайлаушылары парламент депутаттарын таңдайды. Партия кем дегенде 326 орынды иеленсе, яғни 50 пайыздан жоғары дауыс жинаса, оның көшбасшысы ел тізгінін ұстап, жаңа үкімет жасақтайды.

Ұлыбританияда конституциялық монархия орнаған. Үшінші Чарльз патша мемлекет басшысы саналады, бірақ бейресми түрде. Оның қызметі тек салтанатты шараларға қатысып, заң жобаларына келісім берумен шектеледі. Билік партиясы бес жылға сайланып, жаңа премьер-министр өз үкіметін құрады. Соңғы зерттеулерге сәйкес 14 жыл ел басқарған консерваторлар бүгін жұмсақ орнынан айырылмақ.

«Өмір сүру дағдарысы халықтың жанына қатты батты. Ипотекалық несие пайызы өсіп, азық-түлік, жарық пен газдың бағасы аспандап кетті. Билік партиясы қазір жағдай түзелді деп отыр. Инфляция деңгейі 11 пайыздан 2 пайызға төмендегенімен, қымбатшылық әлі де қысып жатыр», - дейді сарапшы Джилл Лоулесс.

Билік партиясының, яғни консерваторлардың көшбасшысы Риши Сунак болса, оппозициялық лейбористерді Кир Стармер басқарады. Дәл осы екі саяси ұйым соңғы екі ғасыр бойы басымдыққа ие болып келеді. Олардан бөлек реформаторлар, либерал-демократтар және басқа да саяси ұйымдар тартысқа түсіп жатыр.

«Бұл күнді бәрі асыға күткен. Елде өзгерістер болғанын қалаймын. Сайлау қазіргі жағдайды өзгертер деген үміттемін», - дейді Лондон тұрғындарының бірі.
«Мен ешбір саясаткерге сенбеймін. Бәрі алдайды. Меніңше, қос партияның бір-бірінен айырмашылығы шамалы. Екеуі де бос уәде беруге шебер», - дейді тағы бір көше жүргіншілерінің бірі.

Сауалнамаларға сәйкес экономика, денсаулық сақтау, көші-қон, тұрғын үй дағдарысы және қоршаған орта мәселесі Британ халқын қатты мазалайды. Бүгін түнгі ондардың шамасында экзит-полл нәтижесі жарияланып, кімнің Вестминстер сарайының төрінде отыратыны белгілі болады. Ал сайлаудың ресми қорытындысы ертең таңғы уақытта мәлім етілмек.