Дүниежүзілік глаукома апталығы: Көздің қауіпті дерті бірден білінбеуі мүмкін

0
4 213

Қазіргі таңда глаукоманы тоқтата алатын тиімді заманауи операциялар мен тамшылар бар.


Дүниежүзілік глаукома апталығы: Көздің қауіпті дерті бірден білінбеуі мүмкін

2021 жылғы 7-13 наурыз Дүниежүзілік глаукома апталығы, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Глаукома. Көптеген адамдарға белгілі, бірақ көбінесе адамдар ауру туралы көру қабілеті нашарлаған немесе соқырлыққа әкелген кезде тым кеш біліп жатады. Аурудың бар екенін біліп, оны тиімді әдістермен жеңуге болады.
Дүниежүзілік глаукома қауымдастығының глаукомаға шалдыққан Дүниежүзілік пациенттер желісімен бірлесе отырып ұйымдастырған жаһандық бастамасы - Дүниежүзілік глаукома апталығын өткізуде. Оның мақсаты – адамдарға аурудың ауырлығы туралы жеткізу және оларды көзішілік қысымды үнемі тексеруге шақыру - бұл шара бүкіл әлемдегі дәрігерлерге глаукоманы «жеңуге» мүмкіндік береді.

«Глаукома – бұл бір ғана ауру емес, тұтас аурулар тобы. Оларды емдеуде жалпы белгілері мен принциптері біріктіреді. Глаукома, әдетте, жоғары көзішілік қысыммен қатар жүреді. Алайда, қысым қалыпты нормада болған кездегі глаукоманың ерекше түрі туралы да ұмытпау керек" - дейді Президенттік клиниканың бас офтальмологы, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер Мадина Құрманғалиева.
Аурудың негізгі белгісі дәл осы көзішілік қысымның жоғарылауы деп атауға болады. Бұл өз кезегінде ақпаратты көзден миға жеткізетін, біздің көруімізге себеп болатын жүйкенің қайтымсыз өзгеруіне әкеледі.
«Көзішілік қысымның жоғарылауы біртіндеп атрофияға әкеліп, көру жүйкесін зақымдайды», – дейді Мадина Маратовна.
Бұл процестің нәтижесі бірден байқалмайды: глаукома ешқандай белгісіз пайда болуы да мүмкін. Науқас ештеңеге шағымданбайды, бірақ көру алаңының нашарлауы байқалады. Асқынған кезеңінде көру алаңы күрт тарылып, ал төртінші, терминалды кезеңінде көру қабілеті мүлдем жоғалады. Егер пациент тиісті ем қабылдамаса, соқыр болып қалуы әбден мүмкін екенін айтады дәрігер.

Глаукоманың үш негізгі белгісі:
1. Жоғары көзішілік қысым, немесе КІҚ. Қалыпты КІҚ 21 мм.сын. аспайтын қысым болып саналады.
2. Көру жүйкесінің атрофиясы. Бұл көз ішіндегі қысымның жоғарылауынан болатын қайтымсыз өзгерістер.
3. Көру алаңының нашарлауы. Бұл пациенттің глаукомаға шалдыққанын көрсететін көру алаңындағы өзгерістер, өйткені көру өткірлігі ұзақ уақыт бойы қалыпты болуы мүмкін.
«Глаукоманың нақты диагнозын қою үшін бірқатар тексерулер жүргізу өте маңызды», – деп жалғастырады Мадина Маратовна.
Бұл тексерулер аурудың үш белгісін анықтауға бағытталған. Тонометрия көздің қысымын өлшейді. Периметрия көру өрісін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, көру жүйкесінің жай-күйі туралы ұмытпау керек. Оны офтальмоскопия немесе көру жүйкесінің оптикалық когерентті томографиясы арқылы тексеруге болады. Осы тексерулерден кейін, дәрігер глаукоманы нақты анықтап, сонымен қатар емдеудің дұрыс әдісін таңдай алады.
Халық арасында глаукома туралы бірнеше аңыз тараған. Олардың кейбіреулері осы ауруды емдеуге байланысты. Мысалы, глаукома емделмейді деген пікір бар. Немесе, керісінше, көптеген адамдар глаукома толығымен емделеді деп санайды, дәрігердің бақылауын қажет етпейді және операция арқылы жоғалған көру қабілетін қалпына келтіруі мүмкін. Мадина Маратовна емдеу туралы айта отырып, бұл аңыздарды жоққа шығарды:
Глаукома – бұл созылмалы прогрессивті ауру. Артериялық гипертензия сияқты, глаукома өмір бойы жеке бақылауды қажет етеді. Сіз оны бақылап, тұрақтандыра аласыз, содан кейін көру қабілетін сақтауға болады. Егер салыстырмалы түрде кеш анықталса, операция кезінде де көру қабілетін қалпына келтіру мүмкін болмай қалады. Негізгі себебі - емдеу тек көзішілік қысымды төмендетуге бағытталған. Сондықтан, ең бастысы ауруды ерте анықтау және қысымды үнемі бақылауда ұстап, офтальмологтың бақылауында болу. Қысымды төмендетуге тамшылар, лазерлік және микрохирургиялық операциялар арқылы қол жеткізуге болады. Әр пациентті емдеуде жеке тәсіл қолданылады. Емдеу әдісін таңдау глаукоманың формасына және глаукомалық процестің кезеңіне байланысты. Қазіргі таңда глаукоманы тоқтата алатын тиімді заманауи операциялар мен тамшылар бар.
«Шынында да, глаукомаға қарсы күрестегі басты қару - ауруды ерте анықтау. Егер дәрігер ауруды алдын-ала анықтай алса, онда глаукома процесін тоқтатып, көру қабілетін сақтап қалуға болады. Дүниежүзілік глаукома апталығы адамдарға глаукома, оның қауіптілігі, емдеу жолдары және үнемі скринингтен өту қажеттігі туралы ескертуге бағытталған. Мен әріптестеріммен бірге 2008 жылы өткен алғашқы апталықтан бастап жыл сайын қатысамын. Біз түрлі акциялар, дәрістер, презентациялар, скринингтер өткіземіз. Енді, әрине, пандемияға байланысты скринингті жүргізу қиынырақ болып тұр. Бірақ, Дүниежүзілік глаукома апталығы аясында біз Президенттік клиниканың №3 хирургиялық бөлімінің пациенттері арасында аурудың бар-жоғын тексеріп шығуға бел будық, онда тек офтальмология бейіні бойынша ғана емес, сонымен қатар травматология және ортопедия бейіндері бойынша емделіп жатқан пациенттер де бар" - дейді Мадина Маратовна.