Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін кезең-кезеңмен көтеріледі. Олар құрметті демалысқа ерлер сияқты 63 жаста шығады.
ERNUR.KZ. Қоғам белсенділері мен депутаттар талай рет зейнет жасын төмендетуге шақырды, алайда билік бұл соңғы шешім екенін айтудан жалығар емес, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Қазақстандағы әйелдердің зейнет жасы
2021 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда әйелдер үшін зейнет жасы – 60 жас.
Зейнет жасының кезең-кезеңмен өсуі 1960 пен 1964 жылдар аралығында туған қазақстандықтарға қатысты.
2027 жылы елдегі әйелдер зейнетке 63 жасында шығады:
- 2022 жылдың 1 қаңтарынан — 60,5 жас;
- 2023 жылдың 1 қаңтарынан — 61 жас;
- 2024 жылдың 1 қаңтарынан — 61,5 жас;
- 2025 жылдың 1 қаңтарынан — 62 жас;
- 2026 жылдың 1 қаңтарынан — 62,5 жас;
- 2027 жылдың 1 қаңтарынан — 63 жас.
Кімдер зейнетке ерте шыға алады
- 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас;
- Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында кемінде бес жыл тұрған қазақстандықтар: ерлер – 50 жаста, әйелдер – 45 жаста.
Зейнет жасын төмендету
Қазақстанда зейнет жасын төмендету туралы ұсыныстар ара-тұра айтылып тұрады.
Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов зиянды және қауіпті өндірістерде істейтін жұмысшылардың зейнет жасын төмендету қажет деп санайды. Ол ұзақ жылдарға созылған ауыр жұмыс қазақстандықтардың денсаулығына кері әсер ететінін мәлімдеді.
Үкімет бұл депутаттық сауалға "еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зейнетақыны көтеру бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп жатыр" деп жауап берді.
Мәжілісмен Александр Милютин кеншілер, металлургтер, өнер адамдары мен балериналарды зейнетке ерте шығаруды ұсынды. Билік бұл санаттағы азаматтардың зейнет жасын төмендету зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін нашарлатып жіберетінін айтты.
Сонымен қатар Милютин ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын 60-қа дейін түсіруді ұсынды.
Үкіметтегілер құрметті демалысқа ерте шыққан жағдайда, қазақстандықтар зейнетақы жинағын жеткілікті көлемде жинап үлгермейді деп есептейді.
"Қазақстан халық партиясының" парламенттік фракциясы мүгедектігі бар адамдардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендету бастамасын көтерді. Үкіметтен бұған да мардымды жауап келмеді.