​Шымкентте оқу орталықтарының бағасы қымбаттады

0
1 013

Бастапқы баға қазақ, орыс тілдері үшін 7500 тг – ден басталады. Ал ағылшын, математика пәндері 9 000 тг-ден жоғары. Карантинге байланысты бұл бағалар да өзгерген.​


​Шымкентте оқу орталықтарының бағасы қымбаттады

Қашықтан оқыту басталғалы ұстаздардың қадірі білініп жатқаны шындық. Әсіресе бір отбасында екі немесе одан да көп балалары бар ата-аналар үшін жеңіл тиіп жатқан жоқ. «Daryn Online, Bilim land, Zoom, Google class room,тағы да басқа бірнеше платформалармен жұмыс істеу тіпті оңай емес»,- дейді көпшілік. Бұл ойын әлеуметтік желілерде бөлісіп жатқандар да бар.

Ата-аналардың көпшілігі оқушылардың тапсырмасы қиын екендігін алға тартады.

- Шынында, баланы оқыту оңай шаруа емес. Келген тапсырмаларды бала былай тұрсын өзіміз де түсінбей, интернет ақтарып кетеміз. Бір пәннен үй жұмысын орындауға кемі 3-4 сағат уақыт кетеді,- деседі.

Баласына білгенін түсіндіре алмаған ата-аналар репетитордың көмегіне жүгініп, білім беру орталықтарын жағалап кетеді. Репетитор табу біз ойлағаннан да оңай екен. Бірақ қалтаңыз қалың болмаса қағылып қалуы мүмкін...


Шымкентте мұндай репетиторлар сағатына 1500 теңгеден бастап, 5000 теңгеге дейін ақы алады. Егер балаңызды бір ай оқытатын болсаңыз, сағатын орта есеппен 2000 теңге деп алсақ аптасына 5, айына 20 рет оқытушыны үйге шақыртсаңыз, 40 000 теңге жұмсайды екенсіз.

Айта кетерлігі, бұл тек бір пәннің ғана ақысы. Осындай 2-3 пәнге балаңызды қатар берсеңіз, қалғанын пайымдай беріңіз. Мұғалімнің барып-келу жолы, тағысын-тағы, шығындарын қоса есептеңіз. Оның өзінде нәтиже қандай болады, ол жағы тағы белгісіз.


Қаладағы оқу орталықтарының бағыты да, бағасы да әртүрлі. Бастапқы баға қазақ, орыс тілдері үшін 7500 тг – ден басталады. Ал ағылшын, математика пәндері 9 000 теңгеден жоғары. Карантинге байланысты бұл бағалар да өзгерген.

- Карантинге байланысты оқушылардың саны екі есеге азайды. Соған сай бағаны 10%-ға көтердік. Бізге оқу бағасына екі есе қосуға болатын еді, ол кезде ата-аналарға қиын боларын біліп, олай жасамадық, - дейді «Зерде» оқу орталығының директоры Асия Анарбекова.

Кез келген пән үшін оқушылар оқу орталықтарына кемі аптасына 3, айына 12 рет барады. Сонда әр сабағына орташа есеппен 750 тг-ден түседі. Маңызды пәндерді біріктіріп, бағасын қолжетімді еткен білім беру орталықтары да бар. Көпбалалы отбасыдан шыққан оқушылар үшін де арнайы жеңілдіктер қарастырғандары да кездеседі. Ондағы орташа баға 28 000 тг құрайды. Оның ішіне ағылшын, математика – логика, оқу сауаттылығы сынды пәндер кіреді.

- Қашықтықтан оқыту балсалғаны бізге келер оқушылардың саны артты. Карантиндік талаптарға байланысты бәрін бірдей қабылдай алмаймыз. Келген баладан тест алып, деңгейін анықтаймыз. Соған сай топтарға бөліп, қажетті пәндерді қолжетімді бағада біріктірдік. Мысалы, ағылшын менматематика пәндеріне қоса төлесе - 31 900 теңге. Көп балалы, жағдай төмен ата-аналар үшін 10 – 15 пайыздық жеңілдіктер де қарастырылған, - дейді «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының директоры Нұрбол Исмайлов.

Қазіргі таңда қосымша ағарту саласындағы сапалы білім мен саналы тәрбие алдыңғы орында. Бала үшін ең үлкен инвестиция білімге салынған қаржы десек те, мұндай бағаны кез келген отбасының бюджеті көтере бермесі анық.

Назерке Бимахан,

ERNUR.KZ