Олар өткен ғасырдың 90-жылдары жарық көріп, әлі де сапасын жоғалтпаған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Бұл темір тұлпарлардың шыққанына 25-30 жыл болса да, әлі күнге қолданыста жүр. Оған қоса нарықтағы сұранысы да мол. Олай болуының себебі бүгінгі тізімге енген көліктердің сапасы өте жоғары болуы. «Көлік әлемінің жеті кереметі» десек те болады.
1. Peugeot 406 (1995-2004)
Көптеген автоәуесқойлар "Такси" фильмінің арқасында танымал болған осы бір седанды әлі күнге дейін іздейді. Өндірушілер бұл көліктің дизайнын жасаған италяндық «Pininfarina» студиясына өте жоғары баға берген. Ал, сарапшылар бұл үлгінің механикалық беріліс қорабымен жабдықталғанын сатып алуға кеңес береді. Олар ең сенімді, салоны өте ыңғайлы және жолда жайлы болады. Бірақ, сатып алар кезде көлік иесі оны қалай айдағанына мән беру керек, сонда ғана біраз жыл «теуіп» мінуге шыдайды.
2. Mercedes E-Class W210 (1995-2002)
Көліктер арасында нағыз классикалық үлгі саналатын автомобильді жаңа ғасыр ұрпақтары да жоғары бағалайды және көптеген адам қолданып жүр. Оның жолдағы жайлылығы мен сырт көзге көрінісі ескі екенін ұмыттырып жібереді. Тек көліктің бастапқыда қалай пайдаланылғаны маңызды.
3. Audi 80 b4 (1991-1995)
"Бочка" деген атаумен танымал болған бұл Audi-ді қазірдің өзінде жиі көреміз. Ол көліктің табысты, сапалы әрі сенімді болғанының айқын дәлелі. Қозғалтқышының көлемі 1.6 литрден басталып, 2.8 литрмен аяқталатын темір тұлпар ұзақ жылдар бойы халыққа сыны кетпейтін сапа мен жайлылық сыйлап келеді.
4. Toyota Corona (1992-2001)
90-жылдары басқа көліктерге қарағанда, бұл көлікке екінің бірі қол жеткізе алмайтын болған. Бірақ, қазіргі уақытта автонарықтан оңай тауып алуға болады және сұранысы өте мол. Негізі оның қозғалтқыштары өте сәтті құрастырылғандықтан көп тұтынушының арманы болыпты. Бір қызығы – бұл көлікті де «Бочка» деп атаған екен.
5. Honda Accord (1997-2002)
Accord айналымы өте жоғары және сенімді қозғалтқыштармен танымал. Жолда жүйітки жөнелетін көлікті айдаған адамдар газды қаттырақ басып, ерекше әсер алуға тырысатын болған. Сондай-ақ, көлік қысқа қашықтық үшін таптырмас көлік екенін дәлелдеген және сонысы үшін де автоәуесқойлардың жүрегін жаулап алған. Тіпті, оның қосалқы бөлшектері қымбат болса да, басқа көлікке ауыстырғысы келмегендердің қатары көп екен.
6. Ford Mondeo (1993-2000)
Америка өндірушілерінің өткен ғасырдағы өнертабысын қазірдің өзінде Еуропа көшелерінен жиі кездестіреміз. 1.8 және 2 литрлі қозғалтқыштармен жабдықталған көлік жайлы әлі күнге айтарлықтай шағым түспеген. 1.8 дизель жиі кездеседі. Егер, Ford Mondeo-ның күтімі жақсы болса, әлі де біраз жыл қызмет ете алады.
7. Subaru Forester (1997-2002)
Subaru тұтынушылардың көңілінен шыққан бірден-бір темір тұлпар. Әсіресе, әмбебап көліктің төрт дөңгелегі тартатын үлгісі мол сұранысқа ие. Сенімді әрі тартымды көліктің қозғалтқышынан шыққан дыбысты да ұнататындардың қатары өте көп.
Әрине, 90-жылдары өндірілген көліктер техникалық тұрғыдан ескіргендіктен, қызмет көрсетуі де әлсірей бастайды. Бірақ, қазір шығып жатқан көліктер «25-30 жылдан кейін осылар сияқты атаққа ие бола ала ма?» деген ой қызықтырады. Ол уақыт еншісінде.
Дайындаған: А.Мейірхан,
Тағы оқыңыз: