Мұны білген адам қиындыққа тап болмайды.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Көлік қозғалтқышына қажетті антифризді ауысытырып тұру керек екендігі даусыз. Бірақ, адамдар арасында «оның қандай ресурсы бар?» - деген тақырыпта жиі-жиі келіспеушіліктер туындап жатады. Сонымен қатар, антифризді қанша уақытта жаңартып отыру керектігіне қатысты да пікірталас көп. Ал, оны жаңартатын уақыттың жеткенін қалай білуге болады? Әртүрлі антифриздерді араластыруға бола ма? Бұл сұрақтардың жауабын тарқатып айтайық.
АНТИФРИЗДІ АУЫСТЫРУ ЖИІЛІГІ
Автокөліктегі антифризді қаншалықты жиі ауыстыру керек? Әлбетте, ол ең алдымен сұйықтықтың сапасына, жұмыс жағдайына және т.б. факторларға байланысты. Сондықтан, антифризді ауыстыру жиілігі әр көлікте әртүрлі болады.
Мысалы, салқындату жүйесіне әртүрлі сұйықтықтар, тіпті кәдімгі қара су қйылған ескілеу көлікті алайық. Тиісінше, мұндай көлік қозғалтқышындағы салқындату жүйесінің ішінде коррозия ошақтары көбірек болады. Соған сәйкес, мұндай жүйеге енді ғана құйылған жап-жаңа антифриздің қоспалары әдеттегіден тезірек жарамсыз күйге түседі.
Негізі, техникалық регламентке сәйкес, антифризді әр 3 жыл сайын немесе 60 мың шақырымнан кейін ауыстыру талап етіледі. Яғни, осы екі меженің қайсысы тезірек орындалатынына байланысты. Бірақ, іс жүзінде бұл жаңа автомобильдерге қатысты және көлік құралын пайдалану уақытына қарай аталған кезең қысқара бреді. Жалпы, антифризді өзгерту қажеттілігін көзбен анықтау да оңай. Егер сіз мұны өзіңіз білмесеңіз, сенімді автокөлікке қызмет көрсету орталығындағы мамандарға жүгініңіз.
АНТИФРИЗДІ АУЫСТЫРУ БОЙЫНША ӨНДІРУШІЛЕРДІҢ ҰСЫНЫСТАРЫ
Төменде біз автокөлік нарығындағы ең көп таралған антифриз классификацияларын қарастырамыз. Олар 3 санатты қамтиды:
G11. Қызыл антифриз. Мұндай антифриздерді өндіруде бейорганикалық қоспалар қолданылады. Олар салқындату жүйесінің ішіндегі бөлшектерді қорғайтын сезімтал тактильді пленканы құрайды. Бұл сұйықтықты ауыстырудың ұсынылған мерзімі – 2 жыл немесе 60-120 мың шақырымнан кейін. Әйтпесе, пайда болған қорғаныс қабаты тұнбаға түсіп, салқындату жүйесінің түйіндері мен арналарын бітеп тастайды.
G12. Жасыл антифриз. Жасыл антифриздер қоспалар ретінде карбон қышқылдарымен өндіріледі. Бұл сұйықтықтар жылу берудің жоғарылауымен ерекшеленеді. G11-ден айырмашылығы – олар салқындату жүйесінде пленка түзбейді, бірақ нүктелік жұмыс істейді. Яғни, коррозия ошағына топталатын қоспалар оның асқынуына жол бермейді. G12 антифриздерінің ұсынылған қызмет ету мерзімі – 5 жыл немесе 250 мың шақырым.
G13. Сары антифриз. Ал, бұлар пропилен және этиленгликоль негізінде өндірілген соңғы антифриздер. Бұл сұйықтықтардың әрекеті, G12 сияқты, яғни коррозия ошақтарында қорғаныс пленкасын жасауға негізделген. Бірақ қоспалардың көміртегімен салыстырғанда үлкен төзімділігіне байланысты антифриздің қызмет ету мерзімі одан да ұзақ болады. Дәлірек айтсақ, 10 жыл немесе 250 мың шақырымнан астам жол жүргеннен кейін жаңарту қажет. Тіпті, кейбір өндірушілер G13 санатындағы антифриздерді мүлдем өзгертуді де ұсынбайды.
Бірақ, өндіруші зауыттың ұсыныстарына толық сенудің керегі жоқ. Өйткені, автомобильдердің жұмыс жағдайлары мен салқындату жүйесінің жағдайы әртүрлі болады.
АНТИФРИЗДІ ӨЗГЕРТЕТІН УАҚЫТ КЕЛГЕНІН ҚАЛАЙ АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ?
Өндіруші ұсынған антифриздің қызмет ету мерзімі әлі бітпесе де, оның сапасыздана бастағанын көзбен аңғаруға болады. Антифризді өзгерту қажеттілігінің негізгі белгілері:
• Бұлыңғыр бола бастау және түсінің өзгеруі. Мұның себебі салқындату жүйесінің тозып, көптеген коррозия ошақтарының пайда болуы. Бұл мәселеге назар аударып, ұсынылған қызмет мерзімі аяқталғанын күтпей-ақ, ауыстырып тастаған жөн. Сондай-ақ, жаңа салқындатқыштың күйін үнемі қадағалап отыру керек.
• Қабыршақ түріндегі тұнбаның болуы. Бұған химиялық реакция тудырған басқа санаттағы антифриздің құйылуы себеп болады.
• Көбік түзілуі. Алдыңғы белгі сияқты, ең ықтимал себеп – сәйкес келмейтін сұйықтықтарды араластыру.
• Май эмульсиясы және жану иісі. Бұл өте қауіпті. Өйткені мотор майы антифризге еніп кетеді. Мұндайда тек сұйықтықты ауыстыру мәселені шешпейді. Жағдайдың себебі әлдеқайда тереңірек. Сондықтан, егер антифризден мотор майының іздері табылса, көлікті эвакуатормен автосервиске жіберіңіз.
• Сұйықтықта желе тәрізді кесектердің болуы. Бұған бірнеше себеп болуы мүмкін. Мысалы, сапасыз антифриз, жақсы салқындатқышқа су араластыру немесе антифриздің тым ұзақ қызмет етуі.
• Жүйеде антифриз көлемінің айтарлықтай төмендеуі. Бұл салқындату жүйесі толық бітелмеген жағдайда ғана болуы мүмкін. Яғни, сұйықтықты толығымен жаңарту қажет емес. Тесілген жерді бітеп, антифризді толықтырып қою жеткілікті. Бірақ өте мұқият болу керек. Өйткені сіз барлық антифризді бір-бірімен араластыра алмайсыз. Бұл туралы да айта кетейік.
ӘРТҮРЛІ АНТИФРИЗДЕРДІ АРАЛАСТЫРУҒА БОЛА МА?
Түрлі түсті антифриздерді араластыруға болмайды деп сеніммен айтуға болады. Өйткені, олардың негізіне әр түрлі қоспалар кіреді. Тиісінше, оларды араластырған кезде салқындатқыш барлық қорғаныс қасиеттерін жоғалтады. Тіпті, тұнба пайда болып, ол салқындату жүйесін бітеп, ішкі жану қозғалтқышының қызып кетуіне соқтыруы мүмкін.
Сонымен бірге, бірдей түсті салқындатқыштардың қоспасы да қиын жағдай тудыруы мүмкін. Мысалы, ең көп таралған G12 антифризін алайық. Оның жасыл түсті, карбон қышқылдары негізінде өндірілген TOTACHI® NIROтм деген түрі мен фосфат қосылған, карбосиликаттар негізінде өндірілетін Long Life Coolant GREEN деген екі түрін араластырсаңыз, олардың қоспасы дереу тұнбаға айналып, салқындату жүйесін бітеп тастайды. Демек, антифризді таңдағанда абай болу қажет. Ең дұрыс шешім – алдыңғы құйылған антифриздің маркасын есте сақтап, ауыстыратын немесе араластыратын кезде маманның көмегіне жүгіну.
АНТИФРИЗДІ ДҰРЫС АУЫСТЫРУ
Антифризді ауыстыруда күрделі ештеңе жоқ. Тіпті тәжірибесі аз жүргізушінің қолынан да келеді. Бірақ, әртүрлі қоспалар негіздерімен жасалған сұйықтықтарды араластырудың салдарын есте сақтау керек. Жағымсыз жағдайдың алдын алу үшін бұрын пайдаланылған антифризді ағызғаннан кейін салқындату жүйесін шаю қажет.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жалпы, тәжірибелі автокөлік жүргізушісі антифризді қашан немесе қандай жағдайда ауыстыру керек екенін еш қиындықсыз түсінеді деп айтсақ болады. Ал, білім мен тәжірибесі жеткіліксіз болса, бірден автосервиске жүгінге абзал.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Қысқа сапарлар КӨЛІКТІ БҰЗАДЫ - бұл рас па?
Штампталған, құйылған, соғылған: Автомобиль дискілерінің қыр-сырын білесіз бе?