Ауа сүзгісіне қатысты айтылған ескертулерге енжар қарамаған дұрыс.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Кез келген жүргізуші ауа сүзгілерінің қандай қызмет атқаратынын және қозғалтқыштың дұрыс жұмыс істеуі үшін оның таза болуы керек екенін білетін болар. Десе де, автомобильге қаншалықты ауа қажет болатынын, ауа сапасының жанармайға және сүзгінің таза болмауы қозғалтқыш жұмысына қалай әсер ететінін біраз адамдар біле бермейді. Сондықтан, сіздің ауа сүзгісіне қатысты мына мәселелерді еске сақтап алғаныңыз жөн.
Көлік қозғалтқышы қалыпты жұмыс істеп тұруы үшін ауа мен жанармайдың қатынасы қажетті деңгейде болуы керек. Және соған мүмкіндік жасап отырған абзал. Мәселен, қозғалтқыш көлемі 1,5 – 2,0 литр болатын қарапайым автокөліктің қозғалысы кезінде әр жүз шақырымға 12 – 15 текше метр ауа қажет болады екен. Бірақ атмосферадан келетін ауа құрамында шаң, шыбын-шіркей, өсімдік тозаңы және басқа да қоспалар болатындықтан, ауа міндетті түрде тазарып өтуі қажет. Ал, ол қызметті ауа сүзгісі атқарып, мынандай жұмыстарды істейді:
- сырттан кіретін ауаны 99,9 % тазартып, қозғалтқышқа қоқыс кіргізбейді;
- шуды азайтады;
- отын-ауа қоспасын дайындау кезіндегі жылу алмасуды қамтамасыз етеді.
Сүзгілерді ауыстыру жиілігі қандай?
Бұл жиілікті сіз мініп жүрген көлікті өндірген компанияның нұсқаулығынан анықтай аласыз.. Яғни, әрбір өндіруші міндетті түрде отын, май және ауа сүзгілерін ауыстыру кезеңін белгілейді. Сондай-ақ, мамандар сүзгіні 10 мың шақырым жүргеннен кейін ауыстыру қажет деп санайды. Бірақ, ол көліктің қала немесе далада, асфальт немесе шаңды жолдарда жүруіне байланысты болады.
Ауа сүзгісін ауыстыратын уақыт келгенде мынандай белгілерді байқайсыз:
- ауа шығару жүйесінде қоқыстар пайда болды;
- қозғалтқыш біркелкі жұмыс істемей, сілкіне бастайды;
- жанармай шығыны айтарлықтай көбейеді немесе төмендейді;
- үдеу динамикасы төмендеп, автомобиль "тартпай" қалады;
- қозғалтқышты іске қосу барысында қиындықтар туындайды (мәселен, оталдыру, стартердің іске қосылуы ұзаққа созылады);
- салқындатқыш жиі қосылады;
- ылғалды ауа-райында қозғалтқыштың жұмысы нашарлайды.
Кейбір автомобиль өндірушілер сүзгілерді ауыстыру жиілігі 60 000 шақырым екенін айтады. Бірақ бұл өте сирек кездесетін жағдай. Сонша шақырым жүргесін аустырамын демей, алдын ала дұрыстап қойған жөн. Өйткені, ластанған сүзгі қозғалтқыштың қызмет ету мерзімін едәуір төмендетіп қана қоймай, жанармай сорғылары, сенсорлар мен басқа да бөлшектерде ақау пайда болуына соқтырады.
Сүзгінің қызмет ету мерзімін қандай факторлар қысқартады?
Автомобильдер мен жабдықтарды өндірушілер сүзгі жасап шығару үшін әртүрлі материалдарды, түрлі дизайн мен ауаны тазарту әдістерін қолданады. Бірақ, сүзгінің қандай болғанына қарамастан, мына факторлар олардың қызмет ету мерзімін қысқартады:
- автомобильдің ауылдық жердегі шаңды көшелерде жиі пайдаланылуы;
- жол сапасының нашар, шұңқырлардың көп болуы;
- шыбын-шіркей көбейетін көктем, жаз мезгіліндеріндегі түнгі сапарлар.
Жанармай шығыны неғұрлым көп болса, сүзгінің де қызмет ету мерзімі қысқа болады. Өйткені сүзгі жұмысының мерзімі жұмсалған отынға да пропорционалды түрде азаяды.
Сүзгінің қызмет ету мерзімін қалай ұзартуға болады?
- Сапасы жоғары жабдықтарды қолданыңыз;
- сүзгі корпусының тығыздығын үнемі тексеріп отырыңыз;
- ауаның дұрыс сорылуы үшін сүзгіні талапқа сай орнатыңыз.
Білгенге – маржан!
тесіктері толып қалған сүзгіні таза сүзгіден ажырату кейде қиынға соғады. Беті таза болып көрінгенімен, ауа өткізу қабілеті төмен болуы мүмкін;
зақымдалған сүзгіні пайдаланбаған дұрыс. Өйткені, оның тозығы жеткен бөліктері ауа жолына көп түсіп кетсе, қозғалтқышты жөндеуге тура келеді;
барлық сүзгілерді арнайы тазалау қажет. Мысалы, бензин немесе сумен жуу, ұрып-соғу, үрлеу сынды әдістер сүзігінің жұмыс қабілетін айтарлықтай төмендетеді.
Ауа сүзгісіне қатысты айтылған ескертулерге енжар қарамаған дұрыс. Әйтпесе, сіз жіберген бір қателік қозалтқыштың жарамай қалуына соқтыруы мүмкін.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Жол гипнозына түсіп қалудан сақтаныңыз! ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ АСА ҚАЖЕТТІ КЕҢЕС