Мұндай өзгерістер ресми дилерлер мен отандық өндірушілердің позициясын нығайтуы ықтимал.
фото: newsvladimir.ru
Автокөлік саласы бойынша пікір білдіріп жүрген сарапшылар 2025 жылы жаңа және пайдаланылған көліктердің бағасы тұрақты болатынын айтып жатыр. Сонымен қатар, көлік құнының өзгеруіне қандай факторлар әсер етуі мүмкін екендігі де сөз болуда.
2025 жылы Қазақстанда жаңа және пайдаланылған автомобильдердің бағасы валюта нарығында айтарлықтай өзгеріс орын алмаса, тұрақты болып қала береді. Дегенмен, 2024 жылдың 1 желтоқсанында қабылданған автомобильдерді шетелден әкелу ережелеріндегі өзгерістер бағаның шамамен 60-70 пайызға дейін көтерілуіне ықпал етуі мүмкін. Тиісінше, мұндай өзгерістер ресми дилерлер мен отандық өндірушілердің позициясын нығайтуы ықтимал.
Деректерге сүйенсек, 2024 жылы қазақстандықтар құны 15 млн теңгеден асатын автомобильдерді бұрынғыдан көбірек сатып алған. Керісінше, бюджеттік автомобильдердің сатылымы азайған екен.
Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарянның пікіріне сүйенсек, Қазақстанда автомобильге деген сұраныс жоғары болып қала береді.
«Валюта нарығындағы тұрақты жағдай сақталса және реттеуші маневрлер орын алмаған жағдайда жаңа автомобильдердің бағасы сақталады. Пайдаланылған көліктер нарығында да өзгеріс болмайды. Алайда, бюджеттік сегменттегі жаңа көліктердің көбеюі және түрлі ұсыныстардың артуына байланысты қолжетімді көліктер нарығындағы баға біршама төмендеуі мүмкін», – дейді сарапшы.
2025 жылы автокөлік нарығында не өзгереді?
Бұдан бұрын айтылған автомобильдерді несиеге сатып алу үрдісін жеңілдеті жөніндегі жоспарлары іске асырылуы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін автомобиль сатып алуға қарыз ресімдеу кезінде қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентінің ең жоғары деңгейін сақтау жөніндегі талап алынып тасталады. Бұл өгеріс автокөлік нарығындағы сауда-саттықтың көлемін ұлғайтуы ықтимал. Дегенмен, бұл өзгеріс орын алса көліктердің қымбаттап кетуі де мүмкін.
2024 жылдың 1 желтоқсанында автомобильдерді Қазақстанға әкелу қағидаларына енгізілген түзетулер де көліктің қымбаттауына себеп болуы мүмкін. Себебі аталған өзгерістерге сәкес, жеке тұлға жылына шет елден бір ғана автомобиль әкеле алады, ал заңды тұлға көлік құралын мақұлдау бойынша ғана елге кіргізе алады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай өзгерістер автомобильдер бағасының 60-70 пайызға дейін өсуіне әсер етеді.
Отандық автомобильдер бағасы не үшін қымбаттады?
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанда құрастырылған жаңа автокөліктердің бағасы 28,6 пайыз қымбаттаған.
Қазақстандық автомобиль одағының (ҚАО) мәліметіне сүйенсек, бұл өзгеріс елдегі автомобильдердің қымбаттауына байланысты емес. Мұның себебі сатып алушылардың сапасы жоғары жаңа модельдерді жиі таңдауы екен. Статистика көрсеткендей, былтыр құны 7-11 млн теңге аралығындағы көліктерді сату деңгейі бірден 15 пайызға төмендеген. Ал, бағасы 15-20 млн теңге аралығындағы көліктер сұранысы 3 және 20 млн теңгеден қымбат көліктердің сұранысы 2 пайызға артқан көрінеді.
«Сатып алушылар өнімділігі жақсартылған көліктерді көбірек таңдайды. Адамдар қауіпсіздік жүйелері сенімді, мультимедиялық кешендерді жетілдірілген, қозғалтқыштары мықты және ең озық технологиялармен жабдықталған модельдерді қалайды. Бұл қазақстандықтар автомобильдердің функционалдығын, қауіпсіздігі мен жайлылығын бірінші орынға қоятынын көрсетеді. Тиісінше, аталған факторлар орташа бағаның көтерілуіне әсер етеді», – дейді ҚАО Президенті Анар Мақашева.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
2025 жылы Қазақстандағы айыппұлдар көбейді
Жүргізушілердің көктемде ЖИІ ЖІБЕРЕТІН ҚАТЕЛІКТЕРІ