​Көлігіңіздің артқы көрініс айнасы қандай?

0
2 734

Байқауымызша, көліктің артқы көрініс айнасын барлық жүргізуші бірдей қолдана бермейді. Біреулер «бүйірдегі айна жетеді» деп жоғарыға қаратып не тіпті алып тастап жатады. Прогрессивті ғасыр ғалымдары осы олқылықтың орнын толтыру үшін артқы көрініс айнасының қызметін одан әрі жетілдіре түскен екен. Нәтижесі жайында төменнен оқыңыз.


​Көлігіңіздің артқы көрініс айнасы қандай?

фото:iphones.ru

Байқауымызша, көліктің артқы көрініс айнасын барлық жүргізуші бірдей қолдана бемейді. Біреулер «бүйірдегі айна жетеді» деп жоғарыға қаратып не тіпті алып тастап жатады. Прогрессивті ғасыр ғалымдары осы олқылықтың орнын толтыру үшін артқы көрініс айнасының қызметін одан әрі жетілдіре түскен екен. Нәтижесі жайында төменнен оқыңыз.

Автоматты күңгірттеу қызметі бар айна

Автоматты түрде күңгірттену қызметі бар айна бір қарағанда өзге жаңа технологиялармен салыстырғанда түк емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, олай емес. Ғылым тілінде «электрохромды артқы көрініс айнасы» аталатын бұл құралдың пайдасы мен маңыздылығы өзгелерден кем түспейді. Тәуліктің қараңғы мезгілдерінде арт жақтағы көліктердің жарығы айнаға шағылысып, ол жүргізуші көзіне түсіп, ыңғайсыздық туғызады. Онымен қоймай, тік түскен жарық әсерінен жүргізушінің көзі шамамен 1,4 секундтай ештеңе көрмей қалуы мүмкін. «Бір жарым секундта не бола қоюы мүмкін?» деп үстірт ойламаңыз. Егер көлік сағатына 95 шақырым жылдамдықпен келе жатса, 1,4 секунд ішінде көлік жүргізушінің бақылауынсыз 37,5 метр жолды жүріп өтеді. Осы жағдайды болдырмау мақсатында автоматты күңгірттену қызметі бар артқы көрініс айнасы жасалған.

Nissan компаниясының «ақылды» айнасы

Бұл айнаны «ақылды» дейтін себебіміз — ол жүргізушіге артқы көріністі еш кедергісіз бақылауға мүмкіндік береді. «Кедергі» деп отырғанымыз — артқы орындарда отырған жолаушылар, басқа да жүктер. «Қарапайым айна қалайша олардан асып өтіп, артқы көріністі таза көрсетеді?» деген сұрақ туындаса, біліңіз, ол қарапайым айна емес. Айнаны «ақылды» етіп көрсететін артқы бақылау камерасы бар. Жолаушылар мен жүктерді еш кедергі көрмей, айнаға тек жол мен ондағы көліктердің бейнесін ғана жеткізіп тұратын — осы камера. Ал, айнаға осы бейнені көрсетіп тұратын арнайы LCD-дисплей орнатылған.

TrendVision aMirror артқы көрініс айнасы

Алдыңғы айналарды «ақылды» дейтін болсақ, мұны «вундер-айна» деуге болатын шығар. Өйткені, ол расында да «тамаша!» деп таң қалуға тұрарлық технология. Бір бойына бірнеше қасиетті жинаған айрықша айнаның негізгі ерекшеліктері:

  1. Онымен қоңырау соғуға және қабылдауға болады. Айнаның ұялы телефон үлгісіндегі қосымшасында нөмірлер теріліп, контактілер тізімі сақталады, жылдам теру функциясы жұмыс істейді және ең кереметі — алыстан дауыспен басқарылады.
  2. Ғаламторға қосылу мүмкіндігі бар. Сондықтан, мұндай айнаңыз болса, ешқандай кептеліс ішіңізді пыстырмайды. Ғаламтордан басқа кезде уақыт таппайтын сүйікті кітабыңызды оқып немесе қалаған бейнені көруге мүмкіндік бар.
  3. Бақылау камераларының бейнесі көрсетіледі. Айнаның өзінде бейнені жазып алатын алдыңғы камера және артқы көрініс камерасы орнатылған. Қаласаңыз, осы бейнелердің екеуін бірдей бір ғана айна бетіне шығарып қойып, қатар бақылай аласыз. Алдыңғы камера бейнені 1920x1080 өлшемімен, ал артқы көрініс камерасы 1280x720 өлшемімен түсіреді.
  4. Айнаға теледидар да орнатылған. Оның көмегімен сүйікті арнаңыздағы сүйікті бағдарламаңызды жіберіп алмайтын боласыз.
  5. Толыққанды Android бағдарламасы да орын тапқан. Соның арқасында кез келген смартфон не планшеттің қызметін атқарады. Google Play-ден карта дейсіз бе, радар дейсіз бе, басқа да кез келген жаныңыз қалаған қосымшаны жүктеп алып, оны ыңғайлы қолдану мүмкіндігі бар.

Ал, сіздің көлігіңіздегі артқы көрініс айнасы қандай?

Дайындаған – А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ