Көлік дөңгелегін қысқа қамдап қойдыңыз ба?

0
3 276

Әлде әлі де «қандайын алсам екен» деп жүрсіз бе?


Көлік дөңгелегін қысқа қамдап қойдыңыз ба?

Аяқ астынан алғашқы қар мен аяз құрсауына алғанда, алдын ала қамданғандар ұтады. Қамсыз қалғандардың темір тұлпары бір-екі күн қимылсыз да қалуы мүмкін. Дәл қазір «бүгін бітер істі ертеңге қалдырма» деген ұстанымды ту етіп, көлік доңғалағын қысқыға ауыстыруға асығатын уақыт. Ал, алдағы мезгілге арналған түрлерін таңдауда кеңес керек болса, тартынбай, төменге түсіңіз.


ҚЫСҚЫ мен ЖАЗҒЫ: қандай айырмасы бар?

Жаз мезгіліне арналған шиналардың резеңкесі суықтың әсерінен қатып, жарықшақ түсе бастайды. Ал, қысқа аранлған түрлері айрықша әрі арнайы құрылымының арқасында қандай аязда болмасын бастапқы қасиетін сақтайды. Сондай-ақ, кейінгілерінің кедір-бұдыры оңайлықпен желіне қоймайды. Сондықтан, мұзды, тайғақ жол бетімен жанасқанда жақсы ұстасады.


ЖАҢА әлде ҚОЛДАНЫЛҒАН: қайсысы тиімді?

Әлбетте, көлікке шинаның жаңасын алып «кигізген» дұрысырақ. Олай етсеңіз, өзіңізді мезгілдің көптеген жайсыздықтарынан сақтайсыз. Алайда, оны қалта көтермей жатса, мүлдем ауыстырмай, жаздық дөңгелекпен қалғаннан көрі, қолданылғанын алып сала тұрған абзал. Тек, бұл жағдайда шинаның 3-4 маусымнан артық қолданыста болмағанын қадағалаңыз.

ТІКЕНЕКТІ әлде ТІКЕНЕКСІЗ: қайсысы дұрыс?

Қысқы шинаның өзі екі түрлі болып келеді. Біреулері тек сыртқы кедір-бұдырдан тұрса, енді бір түрінің кедір-бұдырының арасында тікенек түріндегі қосымша металл бүртіктері бар.

Егер тікенекті түрін алуды қаласаңыз, олардың резеңке сыртынан жапсырылған емес, батырыла орнатылған түрін таңдаған дұрыс. Солар ең сенімді болып саналады. Алайда, тікенекті шинаның да кемшіліктері жоқ емес. Айталық, көлік жүрген кезде шулы дыбыс шығарады, жауын-шашын кезінде тежегішке артық күш түсіреді және қарсыз, мұзсыз құрғақ жолда жүргенде бүртіктері шығып кетуі мүмкін.


ҚАЛЫПТАЛҒАН әлде ҚҰЙЫЛҒАН: қай дискті таңдау керек?

Қалыпқа салу әдісімен жасалған болат дисктер ұзақ қызмет етеді, бағасының арзанырақ және төмен температураға төзімді келеді. Сондай-ақ, олар түрлі соққы салдарынан пішіні өзгерсе де, майысқан тұстарын қайта түзетуге болады. Әйткенмен, тым үлкендігі және салмағының ауыр болатыны аздап ыңғайсыздық туғызады.

Ал, құмалы дисктерді жеңіл металдар қорытпасын балқытып құю арқылы жасайды. Бұл үшін көбіне алюминий қолданылады. Артықшылығы ретінде сырт көрінісінің тартымдылығын, жеңілдігін, қатты әрі беріктігін атауға болады. Бағасының қымбатырақ болуы, қайта жөндеуге келмейтіні секілді кемшіліктері де бар.

Егер сіз қысы қатал, термометр көрсеткіші -30 градустың айналасында болатын, жолы нашар аймақта тұратын болсаңыз, көлік дөңгелегін қалыпталған болат дискпен жабдықтағаныңыз жөн.

Ал, қысы жұмсақ та жайлы аймақта тұрсаңыз әрі жолдарыңыз жақсы болса, құйма дискті бір кигізіп қойыңыз. Қайта ауыстыруға ұзақ уақыт бойы бас қатырмайтын боласыз.

Өзіңіздің және өзгелердің жол үстіндегі қауіпсіздігі үшін ертерек қамданыңыз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Күн суықта машинаға АНТИСЕПТИК пен СПИРТ салып жүріңіз