Көлік қозғалтқышын ЖУУҒА БОЛА МА?

0
3 643

Жүргізушілер арасында «қозғалтқышты жуу дұрыс және бұрыс» деген қызу пікірталас жиі туындайды.


Көлік қозғалтқышын ЖУУҒА БОЛА МА?

ллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Көлік қозғалтқышы сөзсіз ең күрделі, ең «сезімтал» және ең қымбат бөлігі. Оның бір қателіктің кесірінен іске жарамай қалуы әбден мүмкін. Сосын, қалтаңызды қағып, басқасын сатып алуға тура келеді. Осы мәселеге қатысты даулы процедураның бірі қозғалтқышты жуу. Біреулер оның зияны жоқ десе, енді біреулері құп көрмейді. Ал, мамандар не айтады? Дегенмен, ең бірінші қозғалтқышты не үшін және қай кезде жуу керек екеніне тоқталайық.


Қозғалтқыш қандай жағдайда жуылады?

• Температура режимі бұзылған жағдайда. Өйткені, қозғалтқыш неғұрлым лас болса, соғұрлым тез қызады. Ал, бұл қуат пен отын шығынына, қозғалтқыштың жарамдылық мерзіміне теріс әсер етеді;

• Тазалықты сақтау үшін. Өз тұлпарларының тазалығына аса мән беретін көптеген көлік иелері іші-сыртын жуып қана қоймай, қозғалтқышын да оқтын-оқтын жуып тұрады;

• Сатар алдында. Бірақ, сатып алушылардың басым бөлігі қозғалтқышы жуылған көліктерді ұната бермейді. Себебі, «осындай әрекетімен сұйықтықтарының ағатынын жасырады» деп ойлайды.


Қозғалтқышты жуатын болдыңыз ба? Онда сіз ойыңызды қалай дұрыс жүзеге асыру керек екенін білуіңіз қажет:

1. Негізі қозғалтқышты жууды машықтанған мамандарға тапсырған дұрыс. Сонда сіз жұмыстың сапалы жүргізілетініне және қозғалтқышқа зиян тимейтініне сенімді боласыз. Қызмет ақысы да аса қымбат болмайды. Бірақ, біршама уақыт кететінін ескеру қажет. Жуу процесіне дайындап, оны іске асыруға бір сағаттан аса уақыт қажет болады.

2. Қозғалтқышты жуатын су төменгі қысыммен ағыу қажет. Егер, біреу қозғалтқышты жоғары қысыммен ағып тұрған сумен жедел жууды ұсынса, онда мұндай қызметтен бас тарту керек. Өйткені күшті қысыммен аққан су шамдарға кіріп, сымдарды үзіп, сұйықтық ағатын жолдарды зақымдайды;

3. Қозғалтқыштың сапасы жоғары автохимиялық қоспалармен тиісті температурада жуылғанына көз жеткізіңіз. Ондай қоспалар мен температура және маманның тәжірибесі жайлы ақпарат өзіңіз қызметіне жүгінген орталықта болады;

4. Беделді автосервистерде қозғалтқышты жуып қана қоймай, керекті, тиімді кеңестерін де аямай айтып береді. Жалпы, қозғалтқышты жуудың нақты бір уақыты жоқ екенін ескеріңіз. Біреу ай сайын, басқасы жылына бір жудыртып жатады. Барлығы көлікті қолдану, отын мен техникалық сұйықтықтардың сапасы, сондай-ақ механизмдердің тозуына байланысты болады.

Қозғалтқышты сумен ғана жуа ма?

Егер сіз қозғалтқышты қарапайым сумен ғана жуады деп ойласаңыз, қателесесіз. Жалпы, көлік қозғалтқышын, оның ішкі механизмдерін жуудың екі әдісі бар:

Бу. Көптеген көлік иелері қозғалтқышты бумен жуу әдісін таңдайды. Себебі, бу электр жабдықтарына зиян тигізбей, белгілі бір уақытта ұшып кетеді де, жуылған бөлшектер тез арада құрғап қалады.

Су. Қозғалтқышты сумен жуу әлі де сұранысқа ие. Бірақ сенімді болу үшін қызмет орталығын жақсылап зерттеу керек. Егер осы әдісті таңдасаңыз, қозғалтқышты жууға мұқият дайындаңыз. Барлық осал тұстардың оқшауланғанын, температура режимін бақылап, соңында барлық жуылған бөліктердің құрғатылғанын мұқият тексеріңіз.

Негізі қазір бумен жуу сұранысқа ие. Себебі, бұл әдісте су қолданылмайтындықтан электрлі бөлшектерге қауіпсіз, әрі жылдам орындалады. Оның үстіне су мен химиялық қоспалар пайдаланылмайтындықтан бағасы арзан.


Балама нұсқа бар ма?

Кейбір жүргізушілер қозғалтқышты жуудан қорқып, ол оның жұмысына зақым тигізеді деп ойлайды. Әрине, олай да болуы мүмкін. Бірақ қозғалтқышты бір амалын тауып тазалау керек болса, «құрғақ тазалау» әдісі ұсынылады. Яғни, шаң-тозаң мен май қалдықтарын құрғақ матамен сүрту. Ал, бөлшектердің сыртындағы қалқандарды сөгіп алып жууға, қол жететін жерлерді вакуумдауға болады. Егер сіз мұндай әдісті жиі қолдансаңыз, онда жуудың қажеті болмайды. Бірақ, жуғандағыдай тап-таза болмайтыны тағы бар.


Қозғалтқышты жуудың артықшылықтары:

• Таза қозғалтқыш эстетикалық тұрғыдан көлік иесіне өзгеше әсер сыйлайды және қызмет ету мерзімі ұзара түседі;

• Таза қозғалтқышта әрқашан жылу алмасу жақсы жүреді. Яғни тосыннан ақау пайда бола кетпейді;

• Қозғалтқыш таза болса, май мен сұйықтықтың қайдан ағып жатқаны бірден белгілі болады. Демек, ақауды дер кезінде жоюға септігі тиеді;

• Қозғалтқыш таза болса, тот басқан немесе зақымдалған бөлшектер де жақсы көрінеді. Яғни оларды уақытыл ауыстыруға немесе қалпына келтіруге тиімді болады;

• Ішкі жану қозғалтқышын (ДВС) тазалау күрделі ақаулардың алдын-алып, көп уақытыңыз бен қомақты қаржыңызды жұмсаудан сақтайды;

• Қозғалтқышты жуудың айтарлықтай кемшіліктері жоқ. Әлбетте, білікті маманның қызметіне жүгінсеңіз.



Сіз қозғалтқышты жуу туралы біраз мағұлмат алдыңыз деп ойлаймыз. Ең бастысы – бұл іске аса жауапкершілікпен қараңыз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Жүргізушілердің ЫМДАП сөйлесетін өз "ТІЛІ" бар

Барлық жүргізуші ЖАЗДА мына ЕРЕЖЕЛЕРДІ сақтауы керек