Көліктің қандай жиынтығын таңдаған дұрыс?

0
3 776

Ал, мына опциялар жүргізуші мен жолаушыларға көп пайда тигізбейді.


Көліктің қандай жиынтығын таңдаған дұрыс?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Автокөліктің конфигурациясы – оның сипаттамалары мен опцияларының жиынтығы. Көп жағдайда өндіруші компания белгілі бір автомобиль үлгісінің 3-4 немесе одан да көп жиынтығын ұсынады. Мысалы, жаңа Kia Sportage кроссоверінің Classic, Comfort, Luxe, Prestige және Premium деген 5 жиынтығы бар. Соның арқасында көлікті сатып алатын адам көліктің өз талғамына сай келетін жиынтығын таңдай алады.


Минималды және максималды жиынтық

Кез келген көлікте жалпыға ортақ негізде жасалған стандартты жиынтық болады. Ал, оны қалауыңызға қарай толықтыра аласыз. Көбіне жаңа көліктердің басқаларына қарағанда аз опциямен жабдықталған жиынтығы Classic деп аталады. Ал, қажетті қызметтің барлық түрімен қамтылған жиынтықты Premium деп атайды.

Осы орайда көлік жиынтығының атауында ғана емес, бағасында да айырмашылық болатынын айтып өткен дұрыс. Опциясы көбейген сайын қымбаттай береді. Тіпті, көлік «комплектация» салон төсеніштерінің материалы, қуат блогының түрі мен қозғалтқыш қуаты сияқты өлшемдерге байланысты да өзгереді.


Негізгі және қосымша опциялар

Негізгі опцияларға әдетте барлық автомобильге орнатылатын опциялар кіреді. Яғни жүргізушілер мен жолаушылардың қозғалыс кезіндегі жайлылығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жабдықтар. Ал, қосымша опциялар сатып алушының қалауы бойынша орнатылады. Қосымша опциялардың ең пайдалы әрі қажеттілері мыналар:


Рөл жұмсартқыш немесе «гур». Бұл жабдық көлік басқаруды кез келген жағдайда айтарлықтай жеңілдетеді.


Кондиционер немесе климаттық бақылау. Мұндай қосымша жабдық ауа температурасы қатты ыстық болғанда салоның ішін жайлы мекенге айналдырып жібереді. Айта кетсек, кондиционер тек ауаны салқындатады, бірақ температураны реттемейді. Ал, климаттық бақылау жүйесі салондағы температураны салқындатып қана қоймай, бір қалыпта ұстап тұра алады.

Әйнек көтергіш. Бұл тетік көлік терезесін ашып, жабуға көмектеседі. Бұрауға қарағанда әлдеқайда ыңғайлы. Сондықтан бұл жабдықты көптеген көліктердің минималды жиынтығына да енгізіп қойған.


Қозғалтқыштың қосымша қорғанысы. Бұл опция нашар жолмен жүрген кезде қозғалтқышты зақымданудан қорғауға мүмкіндік береді. Әдетте, автомобиль зауыттары мұндай қорғаныстық пластикалық үлгісін ұсынады. Ал ресми дилердің салонында көлікті сенімді болат қорғанышпен жабдықтай аласыз.


Қысқы опциялар. Бұл қыста көмектесетін жабдықтар. Оның қатарына орындықтарды, бүйірлік айна, алдыңғы және артқы әйнекті жылыту құрылғылары жатады. Солардың арқасында аязды күндері терезелерді тазарту оңай болады. Ал, бүйірлік айналарды жылыту тек суықта ғана емес, сонымен қатар қалың тұманда да маңызды.


Алдыңғы және артқы тұрақ сенсорлары. Бұл жабдық әсіресе қаладағы тар тұрақтарда көп көмектеседі. Тұрақ камерасының радары кеңістікті сканерлеп, дыбыстық сигналдың көмегімен жүргізушіге кедергіге дейінгі қашықтық туралы хабарлайды.

Орталық құлып, дабыл, иммобилайзер. Бұл ұры-қарыға қарсы жүйелер барлық заманауи автомобильдерге орнатылады. Дегенмен, неғұрлым жетілдірілген, мысалы кілтсіз ашып жабу жүйесін орната аласыз. Оны орнатсаңыз көлікке жақындаған кезде есік құлыптары автоматты түрде ашылады. Одан бөлек, көлікті түймені басу арқылы оталдыруға мүмкіндік беретін жабдықтарда бар.


Ал, мына опциялар жүргізуші мен жолаушыларға көп пайда тигізбейді:

Бүйірлік айналарды электрлік жүйемен реттеу;

Сенсорлы автоматты әйнек тазалағыш;

Рөлді жоғары көтеруге немесе төмен түсіруге арналлған жүйе;

Жарықшамдарды алыс және жақын режимге автоматты түрде ауыстыру;

Қауіпсіздік жастықтары;

Болаттан құйылған доңғалақ дискілері және т.б.


Жалпы, көлік жиынтығын таңдағанда ең алдымен жеке қажеттіліктерге назар аударған жөн.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ӘЛЕМДІК ДАҒДАРЫС кезінде ҚАНДАЙ көліктер жарыққа шыққанын білесіз бе?


Қазіргі қозғалтқыштардың КЕМШІЛІКТЕРІ – сарапшылар пікірі