Май ауыстырған кезде қозғалтқышты ШАЮ ҚАЖЕТ ПЕ?

0
2 764

Бұл процедура кейде пайдалы, кейде пайдасыз.


Май ауыстырған кезде қозғалтқышты ШАЮ ҚАЖЕТ ПЕ?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Май ауыстырған кезде қозғалтқышты жуу – бір жағынан бұрын талқыланып қойған, екінші жағынан әрқашан өзекті болып тұратын тақырыптардың бірі.


НЕЛІКТЕН МАЙДЫ АУЫСТЫРҒАН КЕЗДЕ ҚОЗҒАЛТҚЫШТЫ ШАЮ ҰСЫНЫЛАДЫ?

Алдымен, майды ауыстыру кезінде қозғалтқышты жуу идеясы қайдан пайда болғанын және ол неге негізделгенін қарастырайық. Біріншіден, қозғалтқыш жұмыс істеп тұрған кезде май ескіреді, тотығады және тозу өнімдерін жинайды. Тиісінше, қозғалтқыш майының түсінің өзгеруі көптеген автокөлік иелерін саналы түрде қорқытады. Шын мәнінде, пайдаланылған майдың түсінде тұрған ештеңе жоқ. Өйткені оның функцияларының бірі – қозғалтқышты тазарту және шөгінділердің пайда болуына жол бермеу.

Бірақ, майды төгіп немесе вакуумдық аппаратпен сорған кезде де қозғалтқыштағы май айналымын атқаратын май сорғысы, фазалық реттегіштер және басқа да түйіндер, арналар мен ішкі қуыстарда майдың белгілі бір мөлшері сақталып қалады. Негізі бұл заңды құбылыс. Ал, қозғалтқышына өте мұқият қарайтын жүргізушілер бұл қалдықтарды да тазалап тастағанды жөн санайды. Екіншіден, көптеген автокөлік иелері, әсіресе көлік рөліне жаңадан отырғандар қозғалтқыштың майын бір түрінен екіншісіне шаюсыз-ақ ауыстыруға болатынына сенбей, жаңа май мен ескі сұйықтықтың қалдықтары араласса жайсыз жағдай болады деп сенеді. Сол себепті бұл тақырып көптеген жылдар бойы халық арасында қызу талқыға түсіп келе жатыр.


ШАЮҒА АРНАЛҒАН МАЙ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Мұндай жағдайда қозғалтқышты шаю қажеттілігі туралы ойламас бұрын, негізгі нәрселер туралы шешім қабылдау керек және бұл көптеген сұрақтарға жауап табуға көмектеседі. Ең басты сұрақ – ШАЮ МАЙЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ? Бұл – жуғыш және дисперсті қоспалар пакеті бар қарапайым минералды май. Яғни қозғалтқыш бөлшектері мен қабырғаларын кейбір шөгінділерден тазартуға мүмкіндік береді. Мұндай сұйықтықты май орнына қолданған кезде ұзақ жүруге болмайды.

ШАЮҒА АРНАЛҒАН ТАҒЫ ҚАНДАЙ ҚҰРАЛ БАР?

Майды ауыстырған кезде шаюға арналған майлардан бөлек, қозғалтқышты жууға арналған басқа да өнімдерді қолдануға болады. Бұл тұрғыда әдетте майға ауыстырар алдында қосылатын өнімдер пайдаланылады. Мұндай құралдың екі түрі бар: бірі майды ауыстырарға дейін бірнеше жүз шақырым бұрын сұйықтыққа қосылады, екінші түрін ауыстыратыннан 5 минут бұрын қосып, содан кейін ескі майды ағызып, жаңасын құяды.


ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙЛАРДА ҚОЗҒАЛТҚЫШТЫ ШАЮ ҚАЖЕТ БОЛМАЙДЫ?

  • Қозғалтқышты шаятын майдың не екенін ұғынсақ, енді қозғалтқышты жуу қажет болмайтын жағдайларға тоқталайық.
  • Майды уақытылы ауыстыру кезінде. Бұл ең айқын нұсқа: егер сіз сапалы май қолдансаңыз және оны ауыстыру аралықтарын сақтасаңыз, онда әдеттегі майды ауыстыру кезінде қозғалтқышты жуудың керегі жоқ. Себебі, бұл сіз үшін құр шығын болады. Яғни, сапалы май құйылған және майы уақытылы ауыстырылып жүрген қозғалтқыштың арналарында шөгінді болмайды.
  • Майдың бір түрінен екіншісіне ауысқан кезде. «Бір майдан екіншісіне тек жуу арқылы ауысуға болады» - деген әңгіме толық расталмаған. Яғни, минералды, жартылай синтетикалық және синтетикалық майлар бір-бірімен қалыпты түрде араласады.
  • Ауыстыру аралығы асып кеткенде. Мысалы, майды белгіленген 10 шақырым емес, 12-15 мың шақырымнан кейін ауыстырған кезде қозғалтқышты шаюдың қажеті жоқ. Егер, құйылған май сапалы болса.


ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙЛАРДА ШАЮДЫҢ МАҒЫНАСЫ БОЛУЫ МҮМКІН?

  • Дегенмен, қозғалтқышты шаю мүлдем пайдасыз процедура деп айтуға болмайды. Пайдасы тиетін жағдайлар да болады. Олар:
  • Қашан құйылғаны және маркасы белгісіз майды ауыстырған кезде. Мысалы, сіз жаңадан көлік сатып алдыңыз делік. Бұрынғы иесі көліктің бағасын арттыру үшін қозғалтқышына дейін жуып қояды. Бірақ, қашан, қандай май құйылғаны белгісіз. Осындай кезде май ауыстыратын болсаңыз, қозғалтқыштың арналарын минералды сұйықтықпен бір шайып алуға болады. Сонда сапалы майды көп уақыт өтпей ауыстыру тәуекеліне жол бермейсіз.
  • Егер қозғалтқышта эмульсия немесе бөгде заттар болса. Бұл да түсінікті нұсқа. Мысалы, егер көлік қозғалтқышындағы тығыздағыш немесе су майының жылу алмастырғышы ағып кетсе немесе антифриз қозғалтқышқа түсіп, эмульсия түзілсе, онда қозғалтқышты шаю керек. Мұны жасау арзан және оңай болады.

ҚОЗҒАЛТҚЫШТЫ КӘДІМГІ МАЙМЕН ШАЮҒА БОЛА МА?

Қозғалтқышты шаюдың тағы бір нұсқасы – тұрақты негізде қолданылатын майды қолдану. Бір жағынан бұл тиімді нұсқалардың бірі, бірақ оның кемшіліктері де бар.

Мұндай жағдайда қозғалтқышқа құйылатын әдеттегі май шаюға арналған минералды сұйықтықтың орнына қолданылады. Сонымен қатар, ауыстырардан жүздеген шақырым немесе 5 минут бұрын қосылатын құралдарды қоса отырып пайдалануға болады. Осылайша сіз қозғалтқыштың арналарын сапалы маймен шайып, көп уақыт өтпей төгіп тастайсыз да, жаңасын құясыз. Бұл қозғалтқыш үшін пайдалы болуы мүмкін. Ал, басты кемшілігі – жүздеген шақырым немесе 5-10 минуттан кейін төгіп тастайтын майға жұмсалатын ақша.

Екіншіден, қозғалтқыш майларының өзі ескі кірді кетіруге арналмаған. Олар ең жақсы жұмыс істейді деген күннің өзінде шөгінділердің 20 пайызын ғана тазарта алады. Сондықтан жаңадан құйылған сапалы май ескі-құсқыны түгел тазартады деп сенудің қажеті жоқ.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Электромобильдің қалай ТАНЫМАЛ БОЛУЫНЫҢ 6 себебі

Шетелдік көліктерді ТІРКЕУ МЕРЗІМІ ҰЗАРА МА?