МАС КҮЙДЕ ҒАНА ЕМЕС: Қандай жағдайларда көлік тізгіндеуге БОЛМАЙДЫ?

0
3 424

Мұндай жағдайда жол «жазалап» жіберуі ықтимал. Өйткені, «жол қателікті кешірмейді».


МАС КҮЙДЕ ҒАНА ЕМЕС: Қандай жағдайларда көлік тізгіндеуге БОЛМАЙДЫ?

илюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Әдетте, ішімдік ішкен немесе есірткі қолданған мас күйдегі адамдарға көлік жүргізуге тыйым салынады. Бірақ, бұлар тек біз білетін бірнеше симптом ғана екен.


СОНЫМЕН, СІЗ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА КӨЛІК ЖҮРГІЗЕ АЛМАЙСЫЗ?


• Алкоголь немесе есірткі құралдарын қолданған мас хәлде

Бұл ереже барлығымызға таныс. Себебі, мас күйдегі немесе есірткі заттарын қолданғандардың көлік жүргізуі өте қауіпті. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткендер де мас жүргізушілер сияқты жазаланатының есте ұстаған жөн.


• Реакция мен зейінді нашарлататын дәрі-дәрмектер қолданғанда

Бұл тыйым кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдағаннан кейінгі жағдайға қатысты. Мысалы, седативтер реакция мен зейінді нашарлатады. Сондықтан оларды қабылдағаннан кейін рульге отыруға болмайды. Әдетте, бұл шектеулер дәрі-дәрмектерді қолдану жөніндегі нұсқаулықта нақты көрсетіледі. Бірақ, адамдардың барлығы бірдей оны оқымайды. Сонымен қатар, бұл ереже құрамында алкоголь бар препараттарға да қатысты. Егер медициналық куәландыру қан құрамынан алкогольді анықтаса, онда бұл алкогольдің қайдан келгені маңызды болмайды.


• Қозғалыс қауіпсіздігіне кедергі келтіретін ауыр жағдайда

Егер сіз ешқандай алкоголь немесе дәрі қабылдамасаңыз, бірақ көлік жүргізуге әсер етуі мүмкін ауыр жағдайда болсаңыз рөлге отыруға тыйым салынады. Ауыр жағдайға жататын аурулардың қатарына мыналар жатады: инсульт алдындағы немесе микроинсульттан кейінгі жағдай, көлік жүргізуден бас тартатын бас ауруы, аяқ немесе қол жарақат алған болса, көздің зақымдануы және т.б. Өйткені, кей адамдар ауыр жағдайда жедел жәрдем шақырудың орнына ауруханаға өз көлігімен баруға шешім қабылдайды. Бірақ, олардың көпшілігі жолда қайғылы жағдайларға ұшырап жатады. Сондықтан, өзіңізді нашар сезінсеңіз, көзсіз тәуекел жасамаңыз немесе көлікті белгісіз жерге қалдырудан қорықпай, жедел жәрдем шақырыңыз.

• Шаршаңқы күйде

Жүргізушінің қатты шаршауы жол апаттарының ең көп тараған себептерінің бірі. Себебі, шаршаған адамдар өздерін нашар сезінеді, көлік жүргізуге көңіл бөлмейді, реакциясын жоғалтады немесе рөлде ұйықтап қалады, оның үстіне баратын жерге тезірек жетіп барып демалайын деген оймен жүре түседі. Сондықтан қозғалыс қауіпсіздігіне кері әсер ететін шаршау белгілері пайда болған кезде жүргізуші тоқтап, демалуға міндетті. Әйтпесе, өзінің ғана емес, өзгелердің де өміріне қауіп төндіреді.


• Сонымен қатар, автокөлікті басқару және демалу уақытының нормалары жол қозғалысы ережелерімен реттелген. Дегенмен, бұл ресми түрде жүк көлігі мен автобус жүргізушілеріне қатысты. Бірақ жеңіл автомобильдердің иелері де бұл ережелермен танысып, талаптарды ескеруі қажет.


ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН КҮЙДЕ КӨЛІК ЖҮРГІЗГЕНІҢІЗ ҮШІН АЙЫППҰЛ САЛЫНА МА?


Елімізде мас күйде көлік жүргізгендер үшін жаза өте қатал. Олар біріншіден көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке қамауға алынады. Ал, осы әрекетін тағы қайталаса, бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Сондай-ақ, ауыр немесе шаршаған күйде көлік басқарғаныңыз үшін ресми жаза жоқ. Бірақ, мұндай жағдайда жол «жазалап» жіберуі ықтимал. Өйткені, «жол қателікті кешірмейді» деген сөз бекер айтылмаған.

Сонымен қатар, ауру мен шаршау белгілері кейде мас болу белгілерімен сәйкес келеді: бет пен көздің қызаруы, летаргия, нашар концентрация, анық емес сөйлеу, ұйқышылдық және т.б. Сондықтан мұндай белгі байқалған жүргізушіні тоқтатқан жол полициясы медициналық куәландыруға дейін жеткізе алады. Әрине, қанда алкоголь болмаған жағдайда, жүргізушіге жаза тағайындалмайды. Бірақ ресми процестің рәсіміне уақыт пен күш кететінін ескеру қажет.



Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Көлік аккумуляторы қысқа дайын ба? Оны ҚАЛАЙ БІЛУГЕ БОЛАДЫ?


Автокөлікке арналған магнитофонды ҚАЛАЙ ТАҢДАУ КЕРЕК?